Мемлекеттік Гимн авторы Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығы аталып өтті

Атырауда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлық иегері, Мемлекеттік Гимннің авторы Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығы кең көлемде аталып өтті.

Мерейтойда қаламгерлер ақынның туған жеріне табан тіреп, рухына тағзым етті. Сонымен бірге «Жұмекен жырлары – ғасыр үні» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция және поэзия фестивалі ұйымдастырылды.

Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» атты гала-концерттің ауқымы кең, мәні ерекше болды. «Мұнайшы» стадионына жиналған 8 мыңнан аса адам Әнұранды шырқап, концерт шымылдығын ашты. Екі мыңдай студент Мемлекеттік Ту мен Жұмекен ақынның бейнесін көркем мозайка арқылы бейнеледі. Оқушылар көк Тумен салтанатты шеруге қатысты.

Амантай Берғалиев, гала-концерттің бас режиссёрі:

- Бұл 90 жылдықпен бір той тойлау емес, Жұмекенді ұлықтау, Жұмекенді тану. Мынау біздің шарамызға алты жастан бастап, алпыс жасқа дейінгі адамдардың қатысуы да Жұмекеннің диапазонының кең екенін көрсетіп  жатыр. 

Гала-концертте «Нарын» және Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркесті мен дәстүрлі әншілер, эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Ақын тойының осылайша ауқымды тойлануы – қазақ өлеңіне, ұлттың біртуар перзентіне көрсетілген құрмет, дейді қаламгерлер. 

Алмас Ахметбекұлы, ақын:

- «Туған жерім менің – Қазақстаным» деген сөзді айтқан Жұмекеннен басқа ақын жоқ Қазақстанда, мыңдаған ақында. Бұл тіркес тек Жұмекеннің аузынан ғана шыққан тіркес, Жұмекеннің санасынан ғана, Жұмекеннің ойынан ғана ұшып шыққан тіркес.

Хамит Есаман, ақын:

- Қазақ халқы барда Жұмекен ақынның есімі мәңгі өлмейді. Қазақ жырына қандай құбылыс болып келсе, қазақ бар кезде, қазақтың руханияты бар кезде Жұмекен Нәжімеденовтің есімі солай қалады  деп  ойлаймыз.

Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған шаралар аясында ақын шығармалары кеңінен насихатталды. Мерейтой республикалық ақындар айтысымен қорытындыланды.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов