Инклюзивті білім беру жөніндегі дүниежүзілік конгресс өтеді
Бүгін Алматыда инклюзивті білім беру саласындағы «World Inclusion Congress» Дүниежүзілік конгресі басталады.
Жиынға 40 елден 1 мың 200-ден астам делегат келеді. Олардың қатарында министрлер, сарапшылар, халықаралық ұйымдар мен жетекші университеттердің өкілдері бар. Іс-шара барысында инклюзивті білім берудегі халықаралық құжат Алматы декларациясының жобасы талқыланады. Конгресс шеңберінде инклюзивті білім беру саласындағы жаңа технологияларды таныстыратын Innovation Expo көрмесі өтеді.
Бүгінде елде мектептердің 91 пайызында инклюзивті білім алуға мүмкіндік жасалған. Ал балалардың 85 пайызы арнайы психологиялық-педагогикалық
қолдаумен қамтылған. Ел аумағында барлығы 509 арнаулы ұйым жұмыс істейді. Атап айтқанда, 46 арнайы балабақша, жүзге жуық арнаулы мектеп пен 110 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес кабинеті бар. Оған қоса 230 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 11 аутизм және 13 оңалту орталықтары қызмет көрсетеді.
Ал білім ошақтарында мыңнан астам қолдау кабинеті ашылған. Кейінгі екі жылда оқу-әдістемелік базада 97 оқулық, 88 типтік бағдарлама және 16 әдістемелік ұсыным мектеп тәжірибесіне енгізілді.