Е. Рыбакина Алматыда жас теннисшілермен шеберлік сағатын өткізді

Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Алматыға келді. Биылғы маусымда мансабындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізген спортшы, бүгін жас теннисшілермен кездесті. Кортта оларға ойын тәсілдерін көрсетіп, шеберліктерін шыңдауға көмектесті. Сондай-ақ алдағы жоспары туралы баяндады, деп хабарлайды 24KZ.

Қазақстандық теннисші биыл 438 эйс жасап, әйелдер турында ең көп эйс жасаған спортшы атанды. Ал кездесуде ол жас спортшыларға допты ойынға қосу техникасын көрсетіп, түрлі жаттығулар жасатты. Шеберлік сабағына 6 мен 15 жас аралығындағы 200-ге жуық бала қатысты. Федерация өкілдерінің айтуынша, спортшы Қазақстанға келген сайын балалармен кездесуді дәстүрге айналдырған.

Елена Рыбакина, әлемнің бірінші ракеткасы:

– Бұрынғымен салыстырғанда балалардың қазіргі ойыны әлдеқайда жақсарғанын бірден байқадым. Ең бастысы-балалардың көзінде от болуы, ойынға деген шынайы құлшынысы. Сондықтан ең маңыздысы-теннистен ляззат алып, рахаттану, кортта көңілді уақыт өткізу.

Отандасымыз үшін биылғы маусым табысты болды. Жыл басында Австралия ашық чемпионатында топ жарса, қыркүйекте АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы атанды. Екі жарыстың финалында да Арина Соболенканы жеңіп, кейін әлемдік рейтингте оның орнын басты. Бұдан бөлек, Германияның Штутгарт және Қытайдың Нинбо қалаларында өткен турнирлерде де чемпион атанды. Маусым қорытындысы бойынша 54 жеңіске жетіп, әйелдер арасындағы турда ең көп жеңіс тіркеген спортшы болды.

Диас Досқараев, Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті:

– Елена әрқашан үйге келгенде Алматы немесе Астана қалаларына міндетті түрде балалармен кездесіп, жанкүйерлермен кездесіп, сұхбат беріп және де өзінің тәжірибесін жасөспірім балаларға беруге тырысады.

Ертең Рыбакина Дубайға аттанады. Онда Қазақстан құрамасының мүшелері бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Жаттығуға Юлия Путинцева, Александр Шевченко, Тимофей Скатов сияқты құраманың өзге де спортшылары қатысады. Ал Рыбакинаның алдағы басты мақсаттарының бірі 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алып, ел намысын абыроймен қорғау.

Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Кенже Амраев 

Сондай-ақ оқыңыз: