Елімізде алғаш рет автомобиль жолдарына бірыңғай жөндеу мерзімі енгізіледі
Енді салынып біткен трассалардың қызмет ететін нақты кепілдік уақыты белгіленеді. Жыл сайын жиек-тастарды ауыстыра беретіндерге де тықыр таянды. Жылға жетпей жолға құрылысты қайта бастайтын мердігерлерге міндеттелген арнайы нормативтер әзірленген. Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты әзірлеген жаңа құжатта тағы қандай өзгерістер бар.
Бұған дейін қара жолдың игілігін көретін нақты мерзім болмаған. Содан болар, қазір трассалар жылға жетпей желініп, бүлініп жататын жәйттер жиі кездеседі. Ендігі жерде жол салатын мердігерлерге жаңа міндет қойылады. Нысанның пайдаға жарайтын уақыт аралығын тікелей тапсырыс беруші өзі ұсынады.
Данияр Закиржан, «ҚазЖолҒЗИ» АҚ Нормативтік-техникалық қамтамасыз ету және жол қауіпсіздігі департаментінің жетекші маманы:
- Бұл норматив баяғы талаптар бойынша рекомендательный болатын. Енді бұл міндеттелген болып отыр. Бұл құрылыс тапсырылғаннан бастап мердігер мен тапсырыс беруші арасында жөндеуге қол қойылғаннан бастап кепілді мерзімі толық жазылады. Бұрын бұлай толық мерзім белгіленбеген. Себебі, не более, не менее деп қана шамалап көрсететін.
Жаңа құжатта жолдардағы жиектасты да жыл сайын ауыстыруға тыйым салынған. Уақытынан бұрын қайта жаңалауға болмайды. Енді ол үшін де кепілдік мерзімі белгіленбек. Ол құрылыс талабы бұзылса ғана өзгертіледі немесе ұзартылады. Қазына қаражатын тиімді пайдалануға бағытталған бастама республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға ғана қатысты.
Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми өкілі:
- Бірыңғай уақыт бекітудің басты ерекшелігі мердігер тарапынан жол-құрылыс жобасын уақытылы аяқтауға мүмкіндік береді. Екіншіден, осы уақытқа дейін кей жол жобалары 3 жыл немесе 2 жыл деп бекітілетін. Бұл жерде түрлі тәуекелдер болатын. Климаттық қолайсыздық. Еліміздің оңтүстігінде құрылыс маусымы 6-7 ай болуы мүмкін, ал солтүстікте одан да қысқа мерзімде болуы мүмкін. Жұмыс мерзімі бекітілуі мердігер тарапынан уақытда аяқтап, сақалды құрылысқа айналып кетуі үшін осындай үзілістер енгізілуде.
Жобаны әзірлеу барысында әр өңірдегі климаттық ерекшеліктері ескеріліпті. Жөндеу аралық мерзімдер Еуроодақ, Қытай және ТМД елдерінің тәжірибелерінің негізінде алынған. Жол саласындағы сапаны арттыруға бағытталған құжат әзірге пысықталып жатыр. Көлік министрлігінің мәліметінше, өзгеріс келесі жылдың басында күшіне енеді.
Авторы: Кәмшат Мұхамеджан