Жылыту маусымы басталғалы тұрғын үй секторында 340 рет өрт шықты
Жылыту маусымы басталғалы елдегі тұрғын үй секторларында 300-ден астам өрт тіркелді.
Бірақ былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 17 пайызға азайған. Бүгін Үкімет отырысында жылу беру маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары талқыланды. Қызыл жалын шарпуының негізгі себептері қандай? Мамандар не дейді?
Былтырғы жылыту маусымында 400-ден астам өрт оқиғасы тіркелді. Биылдың өзінде 340 жағдай орын алған. Төтеншеліктер айтып келмейтін апаттың алдын алу мақсатында 100 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, пештер мен мұржаларды тексеріп шыққан.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Өрт қаупі сақталады. Өрттің негізгі себептері жылыту құралдарының жұмыс істемеуі, пешті пайдалану ережелерінің бұзылуы, сондай-ақ азаматтардың салғырттығы болып табылады. Жылу беру маусымы басталар алдында жылыту жүйелерін, пештер мен түтін мұржаларын тексеру арқылы тұрғын үйлерді аралап қарау жұмыстары жүргізілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына айрықша назар аударылып оларға қажетті қолдау көрсетілуде.
Биыл 23 өрт сөндіру депосы салынады
Елде жаңа 25 өрт сөндіру станциясы салынды, 196 объект қайта жаңғыртылды. Қазір 23 депоның құрылысы жүріп жатыр. Бұл ғимараттар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сондай-ақ халыққа кешенді көмек көрсету үшін өрт сөндірушілерден, құтқарушылар және дәрігерлерден тұратын әмбебап бөлімшелер құрылды. Бұдан бөлек, нысандардың материалдық-техникалық базасын жетілдіру де жолға қойылған.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Қосымша қаржыландыруды талап етпестен бөлімшелердің материалдық-техникалық жабдықталуын айтарлықтай жетілдіріп жатырмыз. Барлығы 800 бірліктен астам техника мен 20 мыңнан астам жабдық сатып алынып, аудандық бөлімшелерге берілді. Жыл басынан бері 82 өрт сөндіру пункті ашылды, жыл аяқталғанға дейін тағы 67-сін ашу жоспарланып отыр. Министрліктің тарапынан оларға техника, киім-кешек пен байланыс құралдары беріліп, оқыту курстары ұйымдастырылды.
Ұлттық жоба өз жемісін береді
Бұдан бөлек Үкімет отырысында ақпараттық және телекоммуникалық инфрақұрылымды дамыту мәселесі сөз болды. Қазір елдегі интернеттің орташа жылдамдығы секундына 94 мегабитке жеткен. Енді салалық ведомство бұл бағыттағы жұмысты ілгерілетуге ден қойып отыр. Бүгінде “Қолжетімді интернет” ұлттық жобасы қолға алынды. Ол халықты, әсіресе шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарын сапалы байланысқа қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
- Саланы дамыту 2024–2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында іске асырылуда. 2027 жылдың соңына дейін халықтың 100%-ы интернетпен қамтылады. Интернет жылдамдығы 100 Мбит/с-тан асып, оптикалық байланыс желілері ауылдық елді мекендердің 90%-ына дейін тартылады. 2027 жылдың соңына қарай еліміздегі 4786 ауылда оптикалық желі тікелей үйлерге дейін жеткізіледі. Осылайша ауылдардың 90%-дан астамы сымды технологиялар арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қосылады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі алаяқтыққа қарсы күресті күшейту үшін байланыс операторларына жаңа талаптарды да енгізген. Бүгінде бір абоненттің атына тіркелген телефон номерлерінің саны шектелді. Сондай-ақ былтырдан бері 30 миллионнан астам күдікті қоңырау бұғатталды.
Альмира Оразбай