Павлодарда ауыл әйелдерінің өңірлік форумы өтті
Әйелдердің қоғамдағы ролі мен мүмкіндігі кеңінен талқыланған жиынға екі жүзге жуық қыз-келіншек қатысты.
Олар жетістіктерін паш етіп, болашақ жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар жастарды ауылға тұрақтандыру, жұмыспен қамту сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Форумның мақсаты –ауылдық жерлердегі әйелдердің көшбасшылық әлеуетін нығайтып, кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетуді көздейді.
Ауыл әйелдері форумға құр қол келмей, өз қолдарымен жасаған бұйымдары мен табиғи өнімдерін ала келді. Бүгінгі таңда ауылдық жерде кәсібін дөңгелетіп отырған нәзік жандар аз емес.
Айнұр Райысова, облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары:
- Сонымен қатар бизнесті қалай бастау керек сол мәселелерге де көп көңіл бөлінеді. Өйткені жас келіншектер бар. Олардың да ертең өз мүмкіндіктерін пайдаланып, осындай бір шағын бизнес ашса да, олардың енді қолдары кеңейіп, ауылды дамытуға үлкен үлестерін қосады деп ойлаймыз.
Фермер Айжан Қайыркенова мал шаруашылығымен айналысады. Ол қиындыққа тап болған әйелдерге көмектесетін ерекше жобаны да қолға алған
Айжан Қаркенова, фермер:
- Біздің қаладан ауылға қоныс аударғанымызға сегіз жыл болды. Жолдасыммен бірге шаруа қожалығын құрдық. Бұрын жүк тасымалымен айналыстым. Ауыр көлікті тізгіндедім. Ауылда мүмкіндік өте көп, жастардың ауылда тұрғанын қалаймын.
Әйгерім Сәрсенбаева, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі:
- Бұл форум Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауыл мен қаланың мүмкіндіктерін теңестіру туралы әділ тапсырмасының нақты орындалуы. Біздің жалпы мақсат осы ауыл әйелдерінің әлеуетін арттыру арқылы еліміздің әлеуметтік - экономикалық тұрақтылығын нығайту.
Өңірлік ауыл әйелдері форумы Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның, «Ауыл» партиясы және облыс әкімдігінің қолдауымен өтті.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков