Астанада Digital Tañba 2026 форумы өтіп жатыр
Былтыр елде 5,4 млрд теңгенің заңсыз темекі өнімдері анықталды. Тауарларды цифрлық таңбалауды енгізудің нәтижелері елордада өтіп жатқан Digital Tañba 2026 форумында айтылды, деп хабарлайды 24KZ.
Мамандар таңбалау жүйесі көлеңкелі айналымның жолын кесуге мүмкіндік ашқанын атап өтті. Қазір елде 7 тауар тобы міндетті түрде таңбаланады. Олар: темекі, сыра өнімдері, аяқ киім, дәрілік заттар, киік дериваттары, мотор майлары, сондай-ақ биологиялық белсенді қоспалар. Әр өнімге қойылатын бірегей Data Matrix коды арқылы нарық қатысушылары оның қозғалысы туралы мәлімет алады. Сатып алушылар таңбалауды Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы тексере алады.
Бағдат Мусин, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы:
– Тауарларды сәйкестендіру ең алдымен Қаржы министрлігіне қажет. Бұл салық жүйесінің мінсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жасалады. Мысалы, Қытайдан импортталатын кез келген тауар шекарадан өткен кезде сәйкестендіріліп, оған арнайы таңбалау белгісі жапсырылса, кейінгі сату кезеңдерінің барлығы қадағаланады. Тіпті тауар он делдал арқылы сатылған жағдайда да, әрбір кезеңде кімнің қанша табыс тапқаны нақты көрініп тұрады. Осылайша, салық жүйесін цифрландырудың мүлде басқа моделіне көшуге мүмкіндік туады.
Digital Tañba форумына елімізбен қатар Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің, Өзбекстанның, Еуропалық одақтың және халықаралық сарапшылар қауымдастығының өкілдері жиналды. Қатысушылар таңбалау жүйесін жетілдіру туралы пікір алмасты. Сауда және интеграция министрлігі «ADAL TAUAR» кәсіпкерлер одағымен және «Проктер энд Гэмбл Казахстан Дистрибьюшн» ЖШС-мен ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойды. Айта кетейік, Қазақстан келер жылдан бастап жеңіл өнеркәсіп тауарларын, зергерлік бұйымдарды, ағаш өнімдерін, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, өсімдік майларын, кондитерлік өнімдерді, тұрмыстық химия мен косметиканы таңбалай бастайды деп жоспарланып отыр.