2026 жылы әлеуметтік салаға ₸6,8 трлн бөлінеді

2026 жылы халықты әлеуметтік қорғауға 6,8 трлн теңге жұмсалады. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласына 2,7 трлн теңге бөлу көзделсе, білім және ғылым саласына – 902 млрд теңге беру жоспарланып отыр.

Ал мәдениет, туризм және спортты дамытуға 263 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді. Бүгін Мәжілісте 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы қаралды. Үкімет мүшелерінің айтуынша, заң жобасы 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленді. Алғаш рет шығындарға шолу жүргізіліп, 68 млрд теңге оңтайландырылғаны айтылды. Сондай-ақ жаңа құжатта өңірлерді дамытуға басымдық берілді.

Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:

- Алдағы үш жылдық бюджетте, өңірлерді дамытуға 581 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 2026 жылға – 300 млрд теңге жоспарланған. Бұл маңызды және жалпы халықтық сипаттағы маңызы бар жобалар болып табылады. Сонымен қатар әкімдіктердің дербестігін арттыру мақсатында 2026 жылы өңірлерге трансферттер арқылы 5,1 трлн теңге бағытталатын болады. Күштік құрылымдарды қаржыландыруға 2026 жылы 3 трлн теңге жоспарланып отыр.

Инфляцияға қарсы шаралар жоспары дайындалып жатыр

Отырыста инфляциямен күрес мәселесі де көтерілді. Премьер-министр Олжас Бектеновтың айтуынша, әлемдегі ахуалға қарамастан, соңғы 3 жылда ел экономикасы тұрақты өсіп келе жатыр. Алайда биыл инфляция деңгейі 12,9 пайызға жетті. Үкімет бұл көрсеткіштің жоғары екенін мойындап отыр. Бірақ түйіткілді тарқатуға бағытталған жоспарлары да бар.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:                           

- Қыркүйектің қорытындысы бойынша, инфляцияның деңгейі 12,9%-ды құрады. Біздің пікірімізше, тым жоғары көрсеткіш. Оны төмендету керек және осы бағытта біз Ұлттық банкпен бірлесіп, тиісті шаралар жоспарын дайындап жатырмыз. Дайын болған кезде оны жақын арада халыққа жариялаймыз.