Жамбыл облысында пияз жинау науқаны аяқталуға жақын
Биыл жамбылдық шаруалар 850 мың тонна пияз жинауды жоспарлап отыр. Қазір өңірде күзгі науқан аяқталуға жақын. Өнім бірден қоймаларға жеткізіліп жатыр.
Жамбылдық шаруалар биыл 17 мың гектар алқапқа пияз екті. Қазір соның 99 пайызы жиналды. Көкөністің бұл түрі негізінен Шу, Қордай және Жамбыл аудандарында өсіріледі. Қуаныш Сәдиев биыл 40 гектардай жерге пияз еккен. Қазір 3 мың тоннаға жуығын жинап алды. Білікті шаруа соңғы кезде тамшылатып суару әдісіне ден қойған.
Қуаныш Сәдиев, шаруа:
- Қазір өте ыңғайлы. Сонымен суарамыз. Су шықпайтын жердің бәрін игереміз. Тың жерлерді игереміз. Бау-бақша да, картоп та, басқасы да жақсы болып жатыр биыл. Биылға өкпе жоқ. Сұраныс та жақсы болды.
Қазір өңірде пияз егумен мың жарымға жуық шаруа айналысады. Олар биыл 850 мың тонна өнім жинап алмақ. Бұл былтырмен салыстырғанда 300 мың тоннаға артық. Жалпы қазақстандықтар жылына 400 мың тоннаға жуық пияз тұтынады. Ал Жамбыл облысында бұдан екі есе көп өнім алынады. Сондықтан ішкі нарықтан бөлек Қырғызстан, Ресей, тіпті Испанияға да экспортталады. Әзірге өңірде пияз сатуда ешқандай мәселе жоқ.
Қайрат Көшенов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Бүгінгі күні алқаптан 45-50 теңгеден тікелей алып кетіп жатыр. Алайда бұл баға шаруаларға ондай тиімді емес. Сол себепті шаруалар өздері бір сақтау қоймалары болса, сонда сақтауға тырысуда. Бүгінгі күні облысымызда 405 мыңнан астам пияз сақтау қоймаларына жиналып отыр. Қалғаны сатылып жатыр.
Биыл жамбылдықтарға күзгі жиын-терім науқанына арзанға 4 мың тонна жанар-жанармай бөлінді. Қазір шаруалар соның жартысын игерді. Сонымен бірге аймақта пиязды тамшылатып суару әдісі кең қолданысқа ие. Қазір өңірдегі 66 мың гектар алқап тың технология арқылы суарылады.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Анастасия Сулейманова, Бакытжан Бапаев