Қостанай облысында киік саны күрт артқан

Қостанай облысында киік көбейді. Енді ел-жұрт егін мен шабындыққа алаңдаулы. 

Ресми дерекке қарағанда, өңірде киік саны 370 мыңға жуықтаған. Ал биылғы төлін қосса, бұл көрсеткіш еселеп артады. Әсіресе облыстың оңтүстік аудандарындағы диқандар үшін бұл үлкен мәселе болып тұр. Егін салған ағайын жаз бойғы маңдай тер, ақ адал еңбегіміз еш кете ме деп уайымдайды. 

Мағауия Қалиев, тілші:

- Арқалық қаласына қарасты шаруашылықтар биыл 320 мың гектарға дәнді дақылдар сеппек. Дәл қазір ылғал жабу жұмыстары жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, топырақта ылғал қоры жеткілікті. Мол өнім алуға негіз бар. Алайда өскен өнімді қаптаған киік таптап тастай ма деген алаңдаушылық бар.

Шаруа Сабыржан Бекешев былтыр 1200 гектарға бидай егіпті. «Әдемі көктеп, өсіп келе жатқан өнімнің жартысын киік жоқ қылды», - дейді.

Сабыржан Бекешев, шаруа:

- Егер киік болмаса, онда 20 ға дейін алатын едік. Алайда алғанымыз 11 центнер болды. Жаңағы киік жүрген жерде жартысын таптап тастаған, жеп қойған. 

Сабыржан Бекешев тәуекелге барып, биылда егін екпек. Жеңілдетілген бағамен жанар-жағар май, несие алған. Науқанға толық дайын. Мазалайтын бір ғана мәселе – дала кезген түз тағысы. «Солардың санын реттейтін бір шара қолданбаса, шаруалардың жағдай қиын болады», - дейді. Салаға жауапты мамандар да әзірге киікке тосқауыл болатындай айла амал жоқтығын мойындайды. Тек егін алқаптарын сақтандыруға кеңес береді.

Руслан Құлетов, Арқалық қаласы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Енді былтыр шаруа қожалықтары өздері көрді. Шегірткенің қолайсыздығы болды, одан кейін киіктің қаупі болды. Биылғы жылы шаруа қожалықтарына түгелдей хабарланды. Әркім еккен алаңдарына киіктен сақтандыру құжаттарын ресімдеу керек. 

«Алайда киіктен келген шығынды есептеп шығарудың қиындығы көп», - дейді мамандар. Оны тіпті аэроғарыш мониторингі де нақтылай алмайды. Өйткені тапталған алқап қайтадан көгеріп шығуы мүмкін. Қазір сол шығынды есептеудің әдістемесі дайындалып жатқан көрінеді.

Кенжеғозы Жұмандықов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Киіктерден келетін шығындарды есептеу бойынша мұның методикасы әлі жоқ. Бізде жоғары министрліктер оны ауыл шаруашылығы қабылдау керек. Әлі қабылдаған жоқ. Сонымен қатар мына шығындарды төлеу қарастырылмаған. Бұл бойынша қазір сараптау жүргізіліп жатыр.

Оңтүстік аудан диқандарын бір қуантатын жәйт, биыл бұл аймақтарда шегіртке ошағы үш есеге азайған.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг