Тұрғын үй нарығын бақылау күшейтіледі

Елде үлестік тұрғын үй құрылысының 62 пайыздан астамы көлеңкелі нарыққа тиесілі.

Бұл туралы Қазақстан тұрғын үй компаниясының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған "KHC Workshop" (Кэй эйч си воркшоп)  шарасында айтылды. Яғни салынып жатқан 606 нысанның тек 227-сінде ғана әкімдіктің тиісті рұқсаты немесе Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі бар. Жиында заңнамадағы өзгерістер мен саладағы өзекті тенденциялар айтылды. Бұдан бөлек нарықтың ашықтығы мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған цифрлық шешімдер таныстырылды.

Көлеңкелі нарық үлесі бойынша Ақтау, Көкшетау, Қонаев, Петропавл, Тараз, Семей, Түркістан, Орал, Павлодар, Қызылорда қалалары көш бастап тұр. Аталған өңірлерде салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің ешбірінде ресми рұқсат жоқ.

Алтай Куздибаев, "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ Басқарма төрағасы:

- Осы жылы тамыз айында зерттеу жүргіздік. Соның нәтижесі бойынша, өкінішке орай, 59 пайыздан астам көп пәтерлі тұрғын үй сатып жатқан компаниялар үлескерлердің қаражатын заңды бұзып, әртүрлі келісімшарттар бойынша тартады. Көлеңкеден шығуға қандай бізде қолдау инструменттер бар сол үшін біз осындай кездесу өткізіп жатырмыз.  

Дегенмен, биыл көлеңкелі нарық үлесі өткен жылмен салыстырғанда 7,1 пайызға төмендеген. Иә, заң талаптарын сақтап, үлестік құрылыс жүйесін ашық жүргізіп отырған компаниялар да бар. 

Асылжан Құртаев, "Оңтүстік құрылыс сервис" ЖШС директоры:

-  Біздің компания 2018 жылдан бастап үлестік құрылыс заңы аясында жұмыс жасап келеді. Біз Қазақстан Тұрғын үй компаниясынан 19 кепілдік алған болатынбыз. Бұл дегеніміз біздің клиенттерімізге қолайлы және отбасы банк арқылы жұмыс жасауға мүмкіндіктері зор. 

Сондай-ақ шарада 1С жүйесіне негізделген жаңа модуль таныстырылды. Қазақстан тұрғын үй компаниясының өкілдері келесі жылдан бастап үлестік құрылысқа бақылау күшейетінін атап өтті. Мәселен, қолма-қол ақшасыз төлем кезінде "Qazreestr" жүйесінде тіркелген үлестік қатысу шарты бар-жоғы онлайн тексеріледі. 

Дильназ Тұрғазыева, Ақылбек Есімсеитов