ШҚО-да аяқсыз қалған құрылыс қайта жанданды
Шығыс Қазақстандағы Таврия және Қатонқарағай ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.
Ал Топқайың ауылына ауызсу желісін жүргізу жұмысы аяқталды. Аталған нысандардың құрылысы уақытында бітпей, созылып кеткен еді. Міндетін орындамаған мердігер компанияға қатысты қылмыстық іс қозғалып, құрылысты басқа мекеме жалғастырды.
Таврия тұрғындары бұл күнді бес жыл күтті. Мердігер спорттық нысан құрылысын 2020 жылы бастады. Содан бері аяқтай алмай, жылда кейінге шегеріп келді. Ауылдықтар кешеннен күдер үзе бастаған еді. Дегенмен биыл жұмыс жалғасып, нысан халық игілігіне тапсырылды.
Рауан Жеңіс, оқушы:
- Иә, біз бұл жерді асыға күткенбіз жаттығатын жерлері де күшті. Достарымызбен бірге келеміз, жаттығамыз. Шымыр боп қайтамыз деген ойдамын.
Денешынықтыру сауықтыру кешенінің жобасы 500 млн теңге. 1300 текше метр аумақ жаттығу құралдарымен, медициналық бөлмелермен толық қамтылды. Дәл осындай спорттық мекеме Қатонқарағай аулында да қолданысқа берілді. Шалғайдағы құрылыс барысын белсенділер назарда ұстады.
Аманбай Нұркенов, «AMANAT» партиясы ШҚО филиалы төрағасының м.а:
- Үнемі бақылауда ұстап отырғанның арқасында қазір міне, нысандар бой көтеріп, пайдалануға беріліп жатыр. Ауылдық жерлерде спортпен айналысу,шұғылдану, жастардың елге деген отансүйгіштігін артырады деп ойлаймыз.
Шекарадағы Марқакөл мен Үлкен нарын ауылдарында да қабырғасы ғана тұрған спорттық кешендердің құрылыса қайта жанданды. Ал Бозанбай ауылындағы ғимарат жақында тапсырылады, - дейді сала мамандары. Аяқсыз қалған бұл құрылыстарды кезінде бір мердігер бастаған еді. Қазір мекеме басшысы 2 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілініп, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ал жобаларды соңына жеткізу міндеті басқа компанияларға жүктелді.
Лаура Жақыпова , облыс әкімінің баспасөз хатшысы:
- Аталған дерекке байланысты қаржылық мониторинг агенттігі тергеуді бастап кетті. Бірақ бұл-жобалар тоқтап қалды дегенді білдірмейді. Ол жауапкершілік басқа компанияларға жүктелді әрі жобалық сметалық құжатқа да еш өзгеріс енгізілмейтін болды.
Жауапсыз мердігер кесірінен талай жыл тіршілік нәрінен қағылған Топқайың ауылының тұрғындары да жақында таза ауыз суға қол жеткізді. Енді су құбырының құрылысы орта жолда тоқтап қалған Күршімдегі Барақ батыр ауылында жұмыс жандана бастады.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов