156 мың Қазақстан азаматы шетелде жұмыс істейді

Бүгінде шамамен 156 мың қазақстандық шет мемлекеттерде жұмыс істеп жүр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, олардың 128 мыңы Ресей Федерациясында еңбек етуде. Тағы 15 мың Қазақстан азаматы Оңтүстік Кореяда, 2 600-ге жуық отандасымыз Польшада екі қолға бір күрек тапқан. Ал Ұлыбританияда бір жарым мыңға жуық қазақстандық түрлі салада жұмыс істеп жүр.

Сондай-ақ еліміз еңбек миграциясын дамытуға назар аударып отыр. Қазақстан осы бағытта Қатар және Ұлыбританиямен келісімге қол қойды. Алдағы уақытта 10-нан астам елмен еңбек көші-қоны саласында өзара түсіністік туралы меморандумдар бекіту жоспары бар. Келіссөздер нәтиже берсе, Қазақстан азаматтары үшін Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Словакия, Жапония, Швеция, Италия, Норвегия, Польша, Чехия, Румыния және Финляндия елдерінде еңбек ету шарттары оңайлайды.