Павлодар облысында цифрлық платформа жұмыс табуға көмектеседі
Павлодар облысында «Цифрлық жұмыс беруші» пилоттық жобасы іске қосылды. Ақылды жүйе жұмыс іздегендердің түйіндемесін кәсіпорындарға автоматты түрде жолдайды. Жұмысқа орналасу жолдарын көрсетіп, бағыт-бағдар береді.
Қазір облыста 12 мыңға жуық адам жұмыссыздар тізімінде тұр. «Ал біраз кәсіпорында білікті мамандарға сұраныс бар», - дейді жауаптылар. Осыған орай тұрғындарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Жастарды жұмыспен қамту мақсатында облыстық Жастар бастамаларын дамыту орталығы әр үш ай сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізеді. Мұнда жастар жұмыс берушілермен кездесіп, өзіне лайық жұмыс таба алады.
Жасұлан Бейсенов, Жастарға қызмет көрсету орталығының басшысы:
- Жәрмеңке 16 мен 35 жас аралығындағы жастарға арналған. Сонымен қатар жұмысқа орналасу бойынша жеке кеңестер беріледі. Бұдан бөлек, 3-4 курс студенттеріне дуалды оқыту жүйесі арқылы жұмысқа орналасуға көмектесеміз. Бұл – жұмыс беруші, студент және университет арасында жасалатын үшжақты келісімшарт.
Жәрмеңкеге 48 кәсіпорын мен мекеме өкілдері қатысты. Ішкі істер органдары, Төтенше жағдайлар департаменті, білім беру және медицина салаларында да бос жұмыс орындары бар. Дегенмен жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары.
Мадияр Шаймырза, «KSP Steel» зауыты энергетика бөлімінің инженері
- Кәсіпорынға энергетика мамандары, дәнекерлеушілер, кран машинистері мен электромонтерлер қажет. Қызметкерлердің біліктілігін көтеруіне мүмкіндік қарастырылады. Өзім де еңбек жолымды электромонтер болып бастап, бүгінде инженер қызметіне дейін көтерілдім. Жалақы 250 мың теңгеден басталады. Нақты мөлшері мамандығы мен цехына байланысты.
Әйгерім Кәміл, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Біздің Павлодарда негізінде жұмыс орындары өте көп. Мен өзімнің туыстарымды әрқашанда Павлодарға көшуге үгіттеймін, насихаттаймын. Жастарға өте көп мүмкіндік бар, кейбір жұмыс орындары пәтер ақысына дейін өтеп береді.
Екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтар «Цифрлық жұмыс беруші» пилоттық жобасының көмегіне жүгіне алады. Жүйе жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді байланыстырады. Платформада тіркелген азаматтарға бос жұмыс орындары туралы SMS-хабарлама жіберіліп, түйіндемесі кәсіпорындарға жолданады. Мамандардың айтуынша, бұл жаңашылдық жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырып, еңбек нарығындағы байланысты жеңілдеткен.
Қазбек Жомартов, Павлодар облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығының директоры:
- Цифрлық жұмыспен қамту жаңа платформа осы жылы пилоттық түрде екі облыста өткізіліп жатыр. Павлодар облысында және Маңғыстау облысында. Бұл енді атап өтсек, адамдарға мансап орталықтарына баруға міндет емес. Ол адамдарға жаңағы sms жіберіледі.
Жалпы Павлодар облысы бойынша 12 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Олардың бір бөлігі мемлекеттік бағдарламалар мен қоғамдық жұмыстар арқылы уақытша жұмыспен қамтылды. Ал тұрақты жұмыс іздегендерге 5 мың 400 бос жұмыс орыны ұсынылып отыр.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев