Ұлттық құндылық ұрпаққа аманат

Шығыс қазақстандық қолөнерші 18 жылдан бері жүннен панно жасауды дамытып жүр.

Ол шалғайдағы ауылдың ұл-қыздарын шеберлікке баулып, ұлттық құндылықты ұрпақ санасына сіңіруге зор үлес қосып келеді. Биыл суретші Тарбағатай тауларындағы петроглифтерді туындысына арқау етіп, көпшілікті тәнті етті.

Ақжар ауылының тұрғыны Ләззат Кендіржанова жүнге жан бітіреді десе де болар. Оны лезде тарап, тазартып түрлі түске бояйды. Бүгін Тарбағатайдың күзгі кешін салып шықты. Қиялы терең суретшінің қылқаламы - жүн. Алдымен оны қондырып, үстіне ыстық су сеуіп, басып бекітіп алды. Соңынан соққылап, әбден иін қандырады.

Ләззат 2003 жылы өнер академиясына түсіп, оны «көркемөнер суретшісі» мамандығы бойынша аяқтады. Үлкен қалада қызмет ету мүмкіндігі болса да, шебер қыз Тарбағатай тауларын қимадым дейді. Сөйтіп туған өлкесіне оралды. Енді 12 жыл бойы жергілікті Өнер мектебінде еңбек етіп жүр. Киіз басып, жүн түту өнерінің үзіле жаздап, әрең жалғасып келе жатқанына алаңдаулы.

Ләззат Кендіржанова, суретші:

- Бір жері үзіліп, ал екінші жері кесіліп қалған сияқты көрінеді. Апаларымыз сияқты аналарымыз да бұны жақсы біледі. Бірақ жасап көрмеген. Арнайы осыны үйрену үшін оқуға бардық. Егер жалғасып, үзілмеген болса өзіміз қарапайым жолын үйренер едік.

Қолөнершінің ұлы да қасында жүреді. Арманы бөлек болса да, бір кәдеге жарарын біледі.

Нұртөре Бақытхан, суретшінің ұлы:

- Суретті  құраған жерлері ұнайды. Қазір өнер мектебіне келіп жүрмін, бірақ болашақта аспаз болғым келеді. Түрлі тамақтар жасағым келеді.

Суретші облыстағы талай мәдени басқосуда жұмыстарын паш етіп жүр. Биыл Тарбағатайдың тау-тасындағы петроглифтерді туындысына арқау етіп, көпшілікті таңғалдырды. Қолына түскен таңбалы тастың фотосуреті шеберге шабыт сыйлапты.

Ләззат Кендіржанова, суретші:

- Әріптесім өзінің суретін әкеліп берді. Соны салдым. Түстерін, артқы фонның колоритін бірдей қылдық. Ал бергі жағын бөлдім. Содан бірі тұрмыстық, бірі жан-жануар, бірі күнкөріс, аңшылық, сонымен қатар татемдік табыну, бірлесу арқылы осы бір жұмыс шықты.

Талай ұл-қызды тәрбиелеп жүрсе де Ләззат Кендіржанова өзіне дәріс берген ұстазының алдында әлі де шәкірт.

Әлібек Шоқанов, «Балалар өнер мектебі» КММ директоры:

- 15 бала келіп, 15 минут жұмыс істегеннен кейін баланың мінез құлқына  қарап, бейнелеу  өнеріне деген таланты, қабілеті бар екенін білеміз. Балалардың барлығы өте салмақты, ойшыл мінезі тұйық болады. Салып отырған суретін 1,5 сағат болса да соны аяқтамайынша сурет салып отырады. Ләзатта да сондай қабілет болған. Бастаған ісін аяғына дейін апарады.

Баланың тілі саусақтың ұшында, демек жүнмен жұмыс істеу нағыз терапия, дейді ұстаз. Сондықтан осы өнерге жасөспірім қыздарды көп тартады. Шығармашылық өсуді де ұмытпай, болашақта авторлық көрмесін өткізуді жоспарлап жүр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов