Құрылтайда 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге кіруін шектеу ұсынылды
Енді әлеуметтік желідегі елдің әрбір әрекеті қатаң қадағалауға алынады. 16 жасқа толмаған балалардың Instagram, Tik-tok платформаларына кіруіне тыйым салынбақ. Бұдан бөлек, интернетте бөтен біреудің суретін тек рұқсат берген жағдайда ғана пайдалануға болады. Бүгін Құрылтайда онлайн платформаларға қатысты заңнамаларға өзгерістер енгізу бойынша бірқатар ұсыныс айтылды, деп хабарлайды 24KZ.
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Инстаграмның иіріміне иіріліп, таңы Tik-tok-пен атып, кеші YouTube-пен бататын балалардың интернеттегі қауіпсіздігі бүгін Құрылтай қабырғасында қаралды. 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер жат ағымның жетегінде кетпес үшін зиянды контенттерді көріп өспес үшін әлеуметтік желі қолдануына тыйым салынбақ. Бұған себеп те жоқ емес. Жыл басынан бері әлеужеліде құқыққа қайшы келетін 128 мыңнан астам материал анықталған.
Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
– Осыған байланысты 16 жасқа толмаған балалардың платформаларда тіркелуіне тыйым салу ұсынылады. Платформа иелері мен олардың өкілдіктері пайдаланушылардың жасын тексеру шараларын қабылдауға міндетті болады. Бұл ретте аталған шектеу тұлғааралық қарым-қатынас жасауға, сондай-ақ ата-аналармен және мұғалімдермен байланыс орнатуға арналған мессенджерлерге қолданылмайды.
Алайда сол теріс ниетті треш-контенттердің желіден тек 70 пайызы жойылған. Қалғаны – анонимді аккаунттар. Жалған парақша ашқандардың жеке деректері анықталмағандықтан жазаға тарту да мүмкін болмапты. Министр мұның алдын алу үшін енді жазылушылар саны 5 мыңнан асатын парақшаларды есепке алуды ұсынды.
Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
– Бұл жерде негізгі мәселе жаңағы 5 000-нан астам жазылушысы бар аноним аккаунттарда болып тұр. Мысалы, біз былтырдың өзінде осы заңнамаға дайындық барысында 120 000-нан астам жаңағы заңға қайшы контенттерді анықтадық. Соның ішін саралап қарағанда, соның 20 проценттен астамы осы 5 000-нан астам жазылушысы бар анонимді аккаунттар болып шықты. Енді қалғандары не болмаса жаңағы 5 000-нан кіші болмаса, ар жағында кім тұрғаны белгілі, енді еліміздің түрлі азаматтары болып шықты. Сондықтан бүгінгі таңда мемлекет үшін басты мәселе – осы анонимді аккаунттар.
Баяндаманы бастан-аяқ тыңдаған депутаттар заң тағы да толықтыруларды қажет етеді деп отыр. Балаларды зиянды контенттерден шектейміз деп жүріп, білім беретін платформалардан шеттетіп алмауымыз қажет. Оған қоса ойын баласының ойын бұзатын Телеграм мен Ватсап арналарды да қара тізімге қосуды ұсынды.
Дәулет Кәрібек, Құрылтай депутаты:
- Балалардың 16 және 18 санатындағы контент тарататын арналарға қол жеткізуін шектеу. Шектеу қойылатын онлайн платформалардың ұғымын нақтылап, олардың қатарынан білім беру платформаларын алып тастау. Сонымен қатар онлайн платформалармен ақпарат алмасу кезінде баланың жасына қатысты мәлімет қана берілуі тиіс. Баланың өзге де дербес деректерін беруге жол берілмеуі қажет.
Сондай-ақ бұдан былай жұмыс орнынан тыс жүрде жүрген шенді-шекпендінің суретін желіге жариялап, киген киімін, мінген машинасын талқылауға жол жоқ. Сол секілді интернетте бөтен біреудің суретін тек рұқсат берген жағдайда ғана пайдалануға болады.
Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
– Өзінің жеке отбасымен демалыс уақытында бейнетаспаға ілінетін болса, әрине рұқсатын сұрау керек.
Бұдан бөлек, әлеужелідегі әлеуметке ақылын ақыға сататын коучтарға жол ашып, дем салатын, бірақ қағаз-құжаты жоқ бақсы-балгерлерге де тықыр таянды. Онлайн тәлім беріп, курс өткізетіндердің арнайы сертификаты болуы шарт. Жаңа құжат әзірге бірінші оқылымда мақұлданды. Демек әлі де өзгерістер мен толықтырулар енуі бек мүмкін.
Авторлары: Шерхан Абзалұлы, Самат Қазанбаев