Цифрлық кодекстің жобасы қаралды

Қазақстандағы цифрлық қызметтер бәріне бірдей қолжетімді болуға тиіс. Яғни шалғай ауылдағы смартфоны жоқ тұрғындар, соңғы үлгідегі гаджетке ие азаматтар немесе оларды қолдана алмайтын қариялар еш қиналмастан цифрлық сервистерге жүгіне алатындай жағдай жасалуы қажет.

Бүгін Мәжіліс отырысында Цифрлық кодекстің жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Онда күн санап дамып жатқан технологияны реттеу мәселелері қамтылған. Өйткені цифрлық кеңістіктегі құқықтық қатынастарды біріздендіру қажеттілігі туындап отыр. Мәселен, кодексте адам құқығы мен беделін қорғау, смарт келісімшарттардың қолдану аясын кеңейту, цифрлық кеңістіктегі электронды құжаттар айналымы және киберқауіпсіздік негіздері қамтылған.