Қызылорда облысында мектепке жаңа құрылғылар табысталды
«Аралтұз» компаниясы Қызылорда облысындағы Жақсықылыш ауылының оқушыларына сый жасады.
Кәсіпорынның ғасырлық мерейтойы аясында елдімекендегі мектеп заманауи техникамен жабдықталды. Сонымен қатар ерекше білім беруді қажет ететін балаларға ноутбук тарту етті. Компания соңғы жылдары өңірдегі әлеуметтік жобаларды тұрақты түрде қолдап келеді.
«Аралтұз» компаниясы Жақсықылыш ауылындағы №19 мектептің информатика пәні кабинетін соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықтады. Кәсіпорын тарапынан интерактивті тақта мен сегіз дана компьютер жиынтығы оқу ошағына сыйға берілді. Бұл техниканың көмегімен оқушылар жаңа бағдарламаларды меңгеріп, пәндік олимпиада мен IT-байқауға дайындалуға мүмкіндік алды.
Ләззат Есжанова, мектеп директоры:
– Жыл сайын осы дәстүрге айналып келе жатыр. Мектептің 50 оқушысына міндетті түрде жақсы оқу формалары мен құрал жабдықтармен қамтиды. Сондай-ақ мерекелердің барлығында мектептің оқушыларын ескерусіз қалдырған емес. Бітіруші түлегіміздің біреуіне қолдау жасап, студент атанды. «Аралтұздың» грантын ұтып алды.
Мұнан бөлек кәсіпорын мектептің концерт залына проектор, LED-экран және музыкалық жабдық сатып алып берді. Сонымен қатар «Аралтұз» компаниясының өкілдері ерекше білім беруді қажет ететін ауыл балаларына жеті ноутбук табыстады.
Самал Думанова, «Аралтұз» АҚ персонал жөніндегі директоры:
– Бүгінгі балалар – ертеңгі инженерлер, ғалымдар, ұстаздар, біздің еліміздің «Аралтұзымыздың» дамуына үлес қосар азаматтар. Және біз бүгін ерекше білімді қажет ететін балаларға ноутбуктар табыстадық. Өйткені білім алу – әр баланың құқығы, ал біз сол мүмкіндікке жол ашатын инклюзивті қоғамбыз. Біздің ортақ мақсатымыз еңбегімен елге пайда әкелетін білімді және намысты ұрпақ тәрбиелеу.
Соңғы бес жылда «Аралтұз» компаниясы әлеуметтік бастамаларды іске асыру үшін 192 млн теңге бөлген. Ғасырға жуық тарихы бар кәсіпорын игі істерді қолдау шараларын алдағы уақытта да жалғастыра бермек.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев