Енді орманда кесілген әрбір ағаш таңбаланады

Орманды қорғауға, жасыл желекті сақтауға біз де бейілміз. Енді кесілген әрбір ағаштың діңі таңбаланады. Елде осындай пилоттық жоба енгізіліп жатыр. Өндіріс орындары тек штрихкоды бар ағаштарды ғана қабылдауға тиіс.

Елде орманды заңсыз отау деректері тыйылмай тұр. Кейінгі бес жылдың өзінде мұндай 1300 дерек тіркелген. Оңай олжа көздегендер мемлекетке 920 млн теңге залал келтірді. 385 адам әкімшілік жауапқа тартылған. Тағы 310 дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Заңсыз саудамен күрес шараларын күшейту үшін мамандар әрбір ағаш діңін штрихкодпен белгілеуге көшіп жатыр. Ол үшін Беларусь елінің тәжірибесі қолданылады. Кесілген ағаш өндіріс орнына жеткенше электронды түрде бақыланады.

Айнұр Жасұланова, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы:

- Келесі айда тағы бір рет шығу жүргізіліп, жоба қалай істейтінін аймақта көреді. Өйткені оған интернет желісі де керек болады. Әр таңбада өзінің штрихкоды болады. Штрихкод жүйеге енгізіледі. Жүйеде штрихкод арқылы ағаштың қайда бара жатқанын, айналымын қарауға болады.

Жоба алдымен «Семей орманы» мекемесінде ғана пилоттық режимде жүзеге асырылады. Ағаш кесілген соң орман шаруашылығының қызметкерлері оған таңба басады. Өндіріс орындары шикізатты сол белгі арқылы қабылдауға тиіс. Ал штрихкоды жоқ тауарлар заңсыз өнім саналады. Жаңа жүйе орман алқаптарында ағаш кесуге рұқсат етілген лимитті қадағалауға да мүмкіндік береді.

Айнұр Жасұланова, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы:

- Иә, бақылауға болады. Жаңағы лимит бойынша қанша ағаш, штрихкод бойынша қанша ағаш, соның барлығын келісіп, екеуі бір-біріне сәйкес келу керек. Бізде орман шаруашылығы мекемелерінен басқа ағаш кесумен бизнес те айналысады ғой. Айтайын дегенім, штрихкодтар және таңбалау тек орман шаруашылығы мекемелеріне беріледі.

Пилоттық жоба жылдың соңына дейін жалғасады. Ал келер жылы нормативтік-құқықтық база қабылданып, қалған 130-дан астам орман шаруашылығы мекемесіне енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2027 жылға қарай шикізаттан бөлек, дайын ағаш өнімдерін таңбалау көзделген.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов