Геология саласында көп қызмет онлайн көрсетіледі
Отандық геология мен жер қойнауын пайдалану саласында 58 мемлекеттік қызметтің 56-сы, яғни 96%-ы онлайн форматқа ауыстырылды. Бұл өтінім берушілер үшін қызмет алуды едәуір жеңілдетеді. Мәселен, былтыр шамамен 6,5 мың қызмет көрсетіліп, оның 5 мыңнан астамы электрондық форматта берілген.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, цифрлық геоплатформалар мен жер қойнауын модельдеу жүйелері жер қойнауын пайдаланудың ашықтығын және инвестициялық тартымдылығын арттырады. Қазақстан да осы бағытта, аталған жүйелер мен платформаларды дамыта отырып, алға жылжып келеді.
Ерлан Ғалиев, «Ұлттық геологиялық қызмет» компаниясының басқарма төрағасы:
- 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 97,5%-ға жеткізу, ал 2026 жылдың соңына дейін сканерлеу жұмысын толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осылайша, сканерлеу нәтижесінде алынған материалдарға жасанды интеллектті қолданып, геологиялық деректердің BIG Data ақпараттық қорын құрамыз. BIG Data жүйесінде ЖИ мәтінді тану және машиналық көру арқылы геологиялық орда сақталған тарихи материалдарды машинамен оқылатын форматқа түрлендіреді.