Қазақстан қаржыгерлерінің XIII конгресі өтті
Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің XIII конгресіне – банктер арасында бірыңғай QR жүйесін енгізу, қаржы секторын цифрландыру және макроэкономикалық саясаттың негізгі мәселелері өзек болды.
Ұлттық валюта күніне арналған алқалы жиында отандық және халықаралық сарапшылар қаржы секторы мен ақша-кредит саясатының бағыттарын, цифрлық трансформация мен еліміздің тұрақты экономикалық даму барысын талқылады.
Қаржыгерлер конгресінде экономиканың қазіргі ахуалы сөз болды. Жиында Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов ел экономикасындағы оң көрсеткіштерге тоқталды: өсім 6 пайыздан жоғары, негізгі капиталға құйылған қаржы артып келеді. Инфляция деңгейі нысаналы межеден жоғары тұрғанымен, ай сайынғы өсім баяулай бастаған.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:
- Инфляцияның баяулап келе жатқаны байқалады. Ұлттық банк, Үкімет және басқа да органдардың жұмыстары нәтижесін көрсетіп жатыр. Бірлесіп жұмыс істей отырып, біз бағаның өсуін төмендетіп, азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсарта аламыз.
Конгресте қаржы секторының цифрлық жаңғыруы да кеңінен сөз болды. Ақша айналымының қауіпсіздігін арттыру үшін жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жүйелер енгізіліп жатыр. Ал төлем инфрақұрылымында банктер үшін ортақ QR-кодты қолдау мүмкіндігі кеңейіп келеді.
Асан Ахметжан, ҚР Ұлттық банкінің баспасөз хатшысы:
- Банкаралық QR жүйесі дейміз, бұл дегеніміз барлық банктерге ортақ QR арқылы төлем жасауға мүмкіндік беру. Екінші үлкен жүйе цифрлық теңгеміз ол өндірістік қолданысқа енгізілді, қазір сынақтан өткізіліп жатыр. Бірқатар мемлекеттік сатып алулар қазір сол цифрлық теңгемен жүзеге асырыла бастады. Бұл дегеніміз ең алдымен мемлекеттік сатып алулардағы ашықтықты қамтамасыз етуге зор мүмкіндік береді.
Жыл соңында цифрлық активтерді сақтаудың отандық әрі қорғалған инфрақұрылымы жұмысын бастайды. Бұған қоса цифрлық валюталар арқылы шекарааралық төлемдерді орындау тетіктері жеңілдеп, бұрынғыдан да қолжетімді болмақ.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Айдос Қалиев