Қостанай облысында жаңа әлеуметтік нысандар ашылды
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржылай қолдауымен Торғай өңірінде 3 әлеуметтік нысан іске қосылды. Арқалықта шығармашылық студия және оңалту орталығы ашылса, Жангелдин ауданында спорт кешені ел игілігіне берілді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Ләззат Шыңғысбаева осы нысандардың ашылу салтанатына қатысып, олардың қаншалықты талапқа сай жабдықталғанын бақылап шықты, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл – Арқалықтағы Мәдениет сарайының ішінен ашылған театр студиясы. Бұдан бөлек, тағы әр сала бойынша 12 шығармашылық кабинет бар. Олардың барлығын қажетті құралдармен жабдықтауға «Қазақстан халқына» қоры 425 миллион теңге бөлген.
Зәмзәгүл Мергенова, Мәдениет сарайының директоры:
– 600-ге жуық бала қамтып отыр. Бұл жерде тек қана мектеп оқушылары мен студенттер ғана емес, бұл жерде ата-аналар өздері жаңағы әдебиет студиясына, театр студиясына кіріп, бос уақыттарын тиімді пайдаланып отыр.
Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы:
– Бұл жерде барлығы маңызды. Өйткені Президентіміз де айтып жатыр, халқымыз, балаларымыз ауылда тұра ма, қала да тұра ма, бүгінгі заманға сай нәрселердің барлығы бірдей қолжетімді болу керек.
Бүгінде Торғай өңірінде ерекше қажеттілігі бар 300-ден астам бала диспансерлік есепте тұр. Сондықтан Арқалықта толық жабдықталған медициналық оңалту бөлімінің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін айрықша оқиға.
Баян Есенова, Арқалық қаласының тұрғыны:
– Соңғы ұлым ерекше болып туды. Бізде осы 3 жыл бұрын аутизм деген диагноз қойылды. Қостанай, Астана деген сияқты басқа қалаларға барып, ем алып жүрдік. Сосын осы жақта орталық ашылады деген соң, бүкіл шарауамның бәрін тастап, қуанып, жүгіріп келдім.
Жаңа Конституцияның негізгі өзегі саналатын «Мемлекет адам үшін» қағидаты ел өмірінде айқын көрініс тауып келеді. Соңғы 3 жылда Қостанай облысында жаңадан 20 білім ошағы, 30 спорт нысаны бой көтерді.
Бақытжан Нарымбетов, облыс Әкімінің орынбасары:
– Бұл тек қана инфрақұрылымды жаңарту ғана емес, сонымен қатар әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету, кадрлардың сапасын көтеру секілді жұмыстар атқарылып жатыр.
Екі жыл бұрынғы су тасқынынан кейін Жанкелдин ауданындағы Тәуіш ауылында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қаржысына 22 жаңа үй салынған еді. Қор басшылығы халық қалауын қалт жібермей, биыл спорт кешенін тұрғызып берді.
Бағдат Ертасов, Жангелдин аудандық спорт бөлімінің басшысы:
– Бұл жерде енді спорттың волейбол, баскетбол, шағын футбол және де мынау фитнес залы бар, және де күрес залы осында болады. Осы спорт кешенінен көптеген, жақсы-жақсы спортшылар шығады деген сенімдеміз.
«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Қарабалық ауданы орталығындағы және Троебрат ауылындағы Мәдениет үйлері заманауи құралдармен жабдықталады. Бұл мақсатқа 352 миллион теңге бөлініп отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг