Қызылорда облысында көпір құрылысы қайта жанданды
Қызылорда облысындағы Сырдария өзенінің үстінен өтетін автокөлік көпірінің құрылысы қайта жанданды. Бұл жоба 2022 жылы қолға алынғанымен мердігер компания оны мерзімінде аяқтай алмады. Қазір жаңа мердігер жұмысқа кірісті. Көптен күткен көпір ел игіліне қашан беріледі?
Сырдарияның арғы бетінде 10 елді мекен бар. Аталмыш ауылдарда шамамен 15 мың тұрғын өмір сүреді. Олар негізінен мал бағып, егін егіп күн көрсе, аймақтың тарихи ескерткіші — Жанкент қалашығы да осы жақта орналасқан. Қазіргі таңда тұрғындар екі тарапқа жалғасқан жолды тек қалқымалы көпір арқылы пайдаланып жүр.
Ордабай Төлегенов, Бірлік ауылының тұрғыны:
- Көпірімізден жауын күндері, батпақ күндері үлкен көлікпен өту өте қиын. Сондықтан мына Әлсейіт жағымен айналады. Осы жақтан 60 шақырымдай қашықтығы бар.
Көптен күткен автокөлік көпірінің құрылысы қайта жанданып, жаңа мердігер топырақ үйіп, бетон тіреуіштерін тұрғызып жатыр. Мамандардың айтуынша, қаржы мәселесі толық шешілген.
Алмасбек Есмаханов, Қазалы ауданының әкімі:
- Бұрынғы құрылысты бастаған мердігер сот арқылы жосықсыз деп танылып, қазіргі мердігер анықталып, жоба құны 6 млрд 746 миллион теңгені құрайтын «Қарлан» көпірінің құрлысы қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Биыл 758 миллион теңге қаражат бөлінді. Өткенде біз барып, құрылыс нысанының жұмыстарымен таныстық.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- «Жоба бойынша екі жолақты автокөлік көпірінің ұзындығы 248, ені тоғыз метр болады», - дейді мамандар. Құрылыс жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев