Алғабастағы өрт: зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетілуде

Президенттің тапсырмасы бойынша, өрт себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылған болатын.

Іле-шала вице-премьер Қанат Бозымбаев комиссияның отырысын өткізді. Оқиға орнында қабылданып жатқан жедел шаралар туралы төтенше жағдайлар министрі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктерінің өкілдері  баяндама жасады. Қазір ауруханаға түскен 3 адамның жағдайы ауыр, олар жансақтау бөлімінде жатыр. Жедел медициналық көмек көрсету үшін Шымкенттен санитарлық авиация бригадасы жетті. Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккендердің жағдайын тұрақты бақылауда ұстау, қажет болған жағдайда санитарлық авиацияны пайдалана отырып, оларды Астана қаласына жеткізуді ұйымдастыру жүктелді. Ал Ішкі істер министрлігіне адамдардың қаза болуына қатысты сотқа дейінгі тергеудің барысын ерекше бақылауға алу тапсырылды. Еске салайық, бүгін Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке үй өртеніп, 12 адамның өмірін жалмады. Оның тоғызы бала. Қызыл жалын 360 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрттің себебі анықталып жатыр, сотқа дейінгі тергеу басталды.