Алматы облысында 2,6 шақырым құбыр ауыстырылады
Алматы облысына қарасты Іле ауданындағы Ақши ауылы ауызсусыз қалды.
Жарты ғасырдан астам уақыт пайдаланылған орталықтандырылған ауызсу құбыры қайта жарылған. Күрті ауылдық округінің әкімдігі қазір онда тіршілік нәрін арнайы көліктермен тасымалдауда. «Бозой топтық су құбыры» мекемесінің мамандары қазір жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қараойдан Күрті ауылдық округіне ауызсу жеткізуге арналған құбыр 6 қараша күні жарылды. Содан бері Ақши ауылының тұрғындары орталықтандырылған ауызсудың қайта берілуін күтіп жүр. 1970 жылдары төселген құбыр жоғары қысымға шыдамайды. Сондықтан 6 мыңнан астам тұрғыны бар Ақшиге ауызсу жаздың күні де кестемен беріледі.
Нұрберді Сарыев, Ақши ауылының тұрғыны:
- Ең басты мәселе суда болып тұр. Қиын болып тұр. Үкімет тарапынан көмек керек. Екі аптаболды жарылып жатыр. Оны жөндейді. Бірақ басқа жерінен қайтадан жарылады. Әбден тозған ғой.
Аманжол Борасымбаев, Ақши ауылының тұрғыны:
- Су болмағалы бір аптадан асты. Енді судың бастықтарында да, әкімде де кінә жоқ. Құбырлар шіріп кеткен. Түнімен істейді, күнімен істейді, сваркілейді, бірақ тағы жарылады.Ақшиде ауызсу тапшылығы туындағанына 10 шақты жыл болды. Құбыр жарыла қалса, тіршілік нәрі ауыл тұрғындарына арнайы көліктермен тасымалданады. Ақауды жөндеу жұмыстары ұзаққа созылғандықтан, бұл жолы ауылдық округке үш арнайы көлік бөлінді.
Дулат Әбілғани, Күрті ауылдық округі әкімінің орынбасары:
- Кешегі күнге дейін 7 рет жарылды. Балалар жұмыс істеп жатыр. Резервуарда бүгінгі таңда 80 куб су бар. Ол шамамен 35-40 «водовоздай» болады. Күнделікті екі су тасымалы қойылып жатыр. Одан бөлек үшінші су тасымалдаушы ауданнан келеді, сыйымдылығы 12 тонналық.
Өткен жылы Ақшиге жаңа ауызсу құбырын тарту жобасы жасалды. Мамандардың айтуынша, оның құны 7 млрд 400 млн теңге. Қажетті қаржы бөлінсе, Ақшидегі ауызсу тапшылығы түбегейлі шешіледі. Облыс басшысы Марат Сұлтанғазиевтің тапсырмасымен Күрті ауылдық округінде туындаған ауызсу тапшылығын шешу мәселесіне арналған аппараттық кеңес өтті. Онда аталған жағдайды шұғыл және қысқа мерзімде шешу жөнінде жауапты басқармалар мен мекеме басшыларына тапсырма берілді. Жуық арада «Техногендік төтенше жағдай» аясында шамамен 2,6 шақырым су желісін тұтастай қалпына келтіру жұмыстары атқарылатын болады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов