Павлодар облысында жабайы аң көбейді

Павлодар облысының аумағында екі жүзден астам қабан бар.

Орман және жануарлар дүниесін қорғау инспекторлары тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Соңғы уақытта жабайы жануар көбейіп барады- дейді олар. Биыл Ақсу қаласы маңындағы саяжайларға да кірген. Адамнан қаймықпайтын қабанның  көбеюі тұрғындарды ғана емес, орманшыларды да алаңдап отыр.

Павлодар облысында жабайы аңдардың саны айтарлықтай өскен. Соңғы уақытта қабандар саяжай аумағында жиі көріне бастады. Біз де орманшылармен бірге олардың табиғи ортасына келдік. Айтуларынша, жабайы жануарлар әдетте ымырт үйіріле бастағанда орманнан шығады. Әсіресе Ақсу мен Павлодар қалаларының маңайында жиі кездеседі. Қабанның саяжай аумағына кіргенін айтып, тұрғындар бірнеше мәрте шағымданған.

Аждар Жүсіпов , Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы:

- Ақсудың ауылдық аймағы. Міне, қабандардың ізі сайрап жатыр. Олардың тіршілік етуіне қолайлы орта өзеннің  жағасы, ну орман, қалың қамыс. Куәгерлердің айтуынша, жабайы шошқалардың саны 40-тан асады. Түнгі уақытта қорек іздеп, саяжайларға келеді. Бұл жерде бірнеше саяжай алабы орналасқан.

Данияр Мағажанов, фермер:                      

- Біз қабандарды жиі кездестіреміз. Олардың жүрген жері бірден көзге түседі. Жердің бәрін қопарып тастайды. Шөптің тамырларымен қоректенеді ғой. Өте сақ, техниканың дауысынан қорқады. Тек қараңғы түскенде шыға бастайды. Сонымен қатар орманда елік көп. Біздің шабындықтарда жайылып жүреді. Адамнан қорықпайды.

Қос қаланың ортасында орналасқан Потанин орманшылығында жүзден астам елік пен қырық шақты қабан бар. Ертіс жайылмасында аңшылықтың барлық түріне тыйым салынған. Жабайы аңның санын реттеуге мүмкіндік жоқ. Орманшылар тек түсіндіру жұмыстарын жүргізумен шектеледі.

Дана Мұқышева, Орман және жануарлар дүниесін  қорғау мекемесінің маманы:

- Бізге күз айларында Ақсу ауылының тұрғындарынан бернеше рет шағым түсті. Түн мезгілінде саяжайларға кіріп, жерлерін түгел қопарып кеткен. Өз тарапымыздан тұрғындарға сақтық шараларын түсіндіреміз. Жыртқыш аңмен бетпе-бет кездескен жағдайда оқыс қимыл жасауға болмайды. Кейін шегініп, барынша сабыр сақтау керек. Суретке түсіру үшін жарық қосудың қауіпті екенін ескертеміз.

Орманшылар қыс маусымына дайындықты бастап кетті. Қатты аяз мен қалың қар кезінде жабайы аңдарды қамқорлыққа алуға тура келеді. Биыл жем шашатын орындарды елдімекендерден алыс аумақтарға орналастыру туралы шешім қабылданды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев