Елімізде жұмыс берушілерге талап күшейеді
Бұдан былай еңбек шартының кем дегенде бір белгісі болса, жұмыс берушілер азаматтық-құқықтық шарт жасаса алмайды. Нәтижесінде, он мыңдаған адам толыққанды әлеуметтік кепілдіктерге ие болады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте айтылды.
Депутаттардың мұндай мәселені көтеруіне жұмыс берушілер қаржысын үнемдеп, қызметкерлеріне әлеуметтік көмек көрсетпеуі себеп. Артық ақша жаратпауды ойлаған көп мекеме қазір еңбек шартын жасауды қойған. Соның салдарынан қызметкерлер бірқатар әлеуметтік кепілдіктен айырылып отыр. Алдағы уақытта жұмыс берушілерге қойылатын тағы қандай талаптар күшеймек?
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Қызметкерлерін аяусыз жұмысқа жегетін, Жалақыны қалауы бойынша беретін, көңілі қаласа қабылдап, қит етсе қызметтен қуа салатын – жұмыс орындарына тықыр таянды. Бұдан бұлай қызметкерлерді келісімшарт арқылы жұмысқа алуға тыйым салынады. Өйткені мұндай мекемедегі жұмысшылардың құқығы шектелген. Яғни «ГПХ» бойынша жұмысқа тұрғандар еңбек демалысына шыға алмайды. Зейнетақы жарнасы аударылмайды. Тіпті медициналық сақтандыруы болмайды. Ал әйелдерге бала күтіміне байланысты демалыс берілмейді. Мәжілісмендер енді еңбек заңнамасына түзетулер мен толықтырулар енгізу арқылы бұған тосқауыл қоямыз деп отыр.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Елімізде көптеген жұмыс берушілер қаржысын үнемдеу және әлеуметтік кепілдіктерден жалтару үшін еңбек шартының орнына азаматтық-құқықтық шарт жасасуды әбден әдетке айналдырды. Жұмыскер жұмыс тәртібіне бағынады, жұмыс кестесіне сәйкес жұмыс істейді, бастығы бар, бірақ қағаз жүзінде ол – «қызметкер» емес, «мердігер» болып саналады.
Жұмысшылар жылы олардың құқығы қорғалуы керек. Осылай деген мәжілісмен Мұрат Әбенов шектен шыққан мұндай жұмыс орындарына аяушылық танытпау керек деген пікірде.
Айтуынша, Еңбек министрлігі заң бұзған мекемелерге тек ескерту берумен шектелмек. Сондықтан артық ақша жұмсамауды, салық төлемеуді көздеген компанияларға қолданылатын жаза күшейтілуі тиіс.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Министрлік шешпеу керек. Адам өзі тікелей арыз жазу керек. Сол арызбен тексеріп, енді алдағы уақытта оларға жалынышты болып, «сен шартты орнына келтірші» деп емес, бірден тоқтатып, айыппұл салып, шоттарын бұғаттап тастау керек. Сол кезде олар қорқатын болады.
Мәжілісте жұмысшылардың құқығын қорғау тақырыбына қатысты қойылған сұрақ та, айтылған ұсыныс та аз болмады. Депутаттар жұмысшыларының жалақысын уақытылы бермейтін жұмыс берушілерді де сөз етті. Салдарынан айлығын мерзімінде ала алмаған азаматтардың несие тарихы бұзылады. Қарызданып-қауғаланып, несиеге азық-түлік алады. Бұған компанияларға қойылатын талаптардың тым жеңіл болуы себеп дейді.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз өтемақының мөлшерін Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесінің 1,25-тен 5 есеге дейін көтеруді талап еттік. Сондықтан да осы қолдамаудың себебін білгім келеді. Алдағы уақытта жұмыс берушілер жұмысшыларға уақытында жалақыны төлемесе, министрлік қандай шара қолданбақ?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауабынша жалақыны кешіктіретін жұмыс берушілерге айыппұл салып, талапты күшейту уақыт еншісінде.
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі:
- Сіз айтқан айыппұлды көтеру мәселесін жұмыс беруші конфедерациясы мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен пысықтап жатырмыз. Олар айыппұлды көтеруге қарсылық білдіріп отыр. Себебі жұмыс берушілердің барлығында ондай мүмкіндіктер жоқ. Сол себепті бұл мәселе талқыланып жатыр, біз оған қайтып келеміз.
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Еңбек заңнамасына енетін түзетулер бұл ғана емес. Бір лауазым мен бір мамандық бойынша еңбек ететіндердің алатын айлықтарындағы алшақтықтың болмауы, еңбек даулары кезінде жұмысшылардың құқығын қорғау мәселесі де талқыға түсті. Сондай-ақ компанияда оқыс оқиға кезінде бар кінәні қызметкерге артпау, декреттік демалыстағы ерлердің сол уақытын еңбек өтіліне қосу жайлы да айтылды.