Қазақстан мен Армения Іскерлік кеңес құрады

Қазақстан мен Армения Іскерлік кеңес құрады. Сондай-ақ екі ел сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жол картасын қабылдады. Осылайша, алыс-беріс тамырына қан жүгіртіп, серіктестікке серпін қосуды жоспарлап отыр. 

Кеше Астанаға келген Никол Пашинян бүгін Ақорданың құрметті қонағы болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Армения премьер-министрімен келіссөз жүргізіп, бірнеше келісімге қол қойылды. 

Никол Пашинян Қазақстанға алғаш рет келіп тұр. Қарулы қақтығысты басқан, тұрақтылықты тапқан, бейбіт болашаққа жол ашқан парасатты тұлғаның сапарына Ақорда айрықша мән береді. Екі елдің арасына ешқашан жік түспесе де байланыстың кей тұстары тұралап тұр. Демек достыққа дем берудің орайлы сәті келді. Кез келген мәселені мәмілемен шешуге үйренген қос саясаткер жылы райда қауышты. 

Бекзат Аманов, тілші:

- Салтанатты рәсім аяқтала сала, саясаткерлер келіссөз залына беттеп барады. Тараптардың талқылайтын тақырыбы көп. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян алдымен шағын құрамдағы келіссөзден бастайды. Сол жерде стратегиялық серіктестіктің сан саласын саралап алады. 

Жүзі жылыдан түңілме дейді қазақ. Кездесу алдында езу тартқан Пашияннан сол жылулықты аңғаруға болатын сияқты. Сапар аясындағы келісімдердің көбі шағын құрамда шешілетіні белгілі. Ал сол жеке келіссөзге қонақтың жымия кіруі - нәтиженің жемісті болатынын білдірсе керек. Кейін бұл пайымды Қасым-Жомарт Тоқаев растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Сіздің сапарыңыз өте маңызды. Екі елдің стратегиялық серіктестік деңгейіндегі қарым-қатынасының дамуына үлкен серпін береді деп сенеміз. Сапар барысында бірқатар маңызды келісімге қол қойылады.

Никол Пашинян, Армения премьер-министрі:

- Қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі сіздің былтыр Арменияға жасаған ресми сапарыңыздан бастау алды. Соның нәтижесінде маңызды келісімдерге қол қойылды. Қазақстанға ресми сапармен келу – мен үшін зор мәртебе!

Қазақстан мен Арменияның қаңтар-тамыз аралығында тауар айналымы 35 млн долларға жетті. Экспорт - 20 млн доллардан асады. Негізінен ұшу аппараттары, темекі мен металл өнімдерін экспорттаймыз. Ал 10 млн доллардан аса қаржыға зергерлік бұйым, темекі және спирттік өнімдер алынды.

Әзербайжан жолды ашты. Демек енді логистика жайы жақсарады. Бұл - саудаға серпін беруі мүмкін. Біздің тарап 350 млн доллардың тауарын жеткізуге қауқарлы. Ал армяндар қазақ астығына қызығып отыр. Бұл тақырып осы сапардан кейін тыңғылықты талқыланбақ. Әуе қатынасын қайта жандандыру да күн тәртібінде тұр. 

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі:

- Армения әуежайында тарифтер өте жоғары. Қазір бір адамға 65 доллар. Бір тонна әуе керосині 1248 долларға жетеді. Сол себепті соны талқылап жатырмыз.

Алайда алыс-беріс те, барыс-келіс те көппен шешілетін мәселе. Сол үшін саясаткерлер кеңейтілген келіссөзге ойысты. Сөзін ілтипаттан бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін қол қойылатын ең маңызды құжатты атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Екі ел арасында барлық деңгейде ашық әрі сенімді саяси диалог қалыптасқан. Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылым-білім саласындағы ықпалдастығы дәйекті түрде дамып келе жатыр. Бүгін Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастықты стратегиялық серіктестік деңгейіне шығаратын тарихи құжатқа қол қойылатынын мәлімдеді.

Бұл сөзді Армения Премьер-министрі де қуаттады. Өз сапарын қатынасты өркендетудің орайлы сәті деп атаған мейман Қазақстан еліміз үшін үлгі, біз қазақ халқын құрметтейміз дейді. Кейін келісімге келгісі келетін салаларды тізіп шықты.

Никол Пашинян, Армения премьер-министрі:

- Өңірдегі өзгерістерді ескерсек, экономикалық және көлік саласындағы қатынастарымыздың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашылады. Көлік бағытындағы әлеуетті толық жүзеге асыру маңызды. Оның нәтижелі болатынына сенімдімін.

Келіссөзден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Ал делегация үкіметаралық және ведомствоаралық 15 құжатпен алмасты. Президент мазмұнды келіссөздердің нәтижесін жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

– Біз сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты жандандыру мәселесіне баса мән бердік. Өзара алыс-беріс көлемін арттыруға, тауар түрін көбейтуге қатысты нақты шараларды қолға алуға келістік. Өзара сауда айналымын ұлғайту үшін Қазақстан-армян нарығына жалпы құны 350 миллион доллар болатын тауар ұсына алады. Сондай-ақ біз Арменияның экспорттық әлеуетін қолдауға ниет білдірдік. Оған қоса, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өттік. 

Қазір Арменияда 120 қазақстандық компания, ал бізде 500-ге жуық армян компаниясы тіркелген. Енді осы кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейеді. Оған жаңадан құрылатын іскерлік кеңес жауапты болады. Келіссөзде кеңінен талқыланған көлік транзит тақырыбы брифингте де айтылды. Қазақстан Орта Дәлізге Арменияны қосқысы келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

– Қазақстан Арменияның көлік-транзит саласындағы «Бейбітшілік қиылысы» бастамасын қолдайды. Сондай-ақ біз «TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» жобасына қатысуға қызығушылық танытып отырғанымызды растаймыз. Осы стратегиялық дәліздерді Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен және Солтүстік-Оңтүстік дәлізімен ұштастыру екі елдің де мүддесіне сай келеді. 

Армениянің көлік-транзиттік әлеуеті ұшан-теңіз. Бір ғана Зангезур дәлізі Кәрі Құрлыққа төте жол ашады. Тиісінше, жаңа транзиттік бағыттарды ашуға мүмкіндік береді. 

Ермек Көшербаев, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Әрине ол біздің ел үшін өте маңызды. Себебі, сауда жолы, логистика жағынан біздің елге жаңа мүмкіндік ашады. Сондай жолдар көбірек болса, біздің мүмкіндіктеріміз де көбейеді. 

Армян тарапы да алыс-берісті арттыруға дайын. Әрі барлық сала бойынша серіктестікті кеңейткісі келеді. Бұл сөзді Никол Пашинян растап, Қазақстан Армения үшін маңызды ел екенін жеткізді.

Никол Пашинян, Армения премьер-министрі:

– Қазақстан – біз үшін өте маңызды ел. Өйткені сын сәтінде Армения мен Әзербайжанның Сыртқы істер министрлері Алматыда кездесті. Бұл біз үшін өте маңызды болатын. Армения мен Әзербайжандағы бейбітшіліктің Алматы декларациясына негізделетіні баршаға мәлім. Оның саяси және символдық мәні зор. Осы ресми сапарымның нәтижесінде Армения мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне қуаныштымын. 

Тараптардың әлемдегі көптеген түйткілге қатысты ұстанымдары ұқсас. Мұны екі жақ та растап отыр. Осы ретте, Президент Украинадағы ахуалды реттеуге қатысты ойын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

– Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда АҚШ президенті Дональд Трамптың Украинадағы ахуалды реттеуге бағытталған күш-жігерін және ұсынып жатқан жоспарын қолдаймын. Сондай-ақ Қазақстан Армения мен Әзербайжанның бейбітшілік жолындағы ортақ ұмтылысын толық қолдайды. 

Саясаткерлер студент алмасуға келісті. Медицина күндерін өткізуге уағдаласты. Оған қоса атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану бойынша ынтымақтастық орнағанын да айта кету керек. Негізгі келісімдер экономикаға арналса да, мәдениет саласында ерекше мәміле бар. Қазақ өнерінің өткен ғасырдағы құнды мұрағаттары Арменияда сақталған екен. Келіссөздің арқасында құнды жәдігерімізді алудың мүмкіндігі түсті. 

Бекзат Аманов, тілші:

- Ел тұрғындарының бір бөлігі Никол Пашинянды әлеуметтік желі арқылы таниды. Армения премьер-министрі ерекше контентін бүгін Астанада да жалғастырды…

Таңды қазақша әнмен қарсы алған саясаткер күнді келіссөзбен түйіндеді. Осылайша, Никол Пашинян сапарында саяси элитамен бірге, қарапайым азаматтардың да назарын аударды. Келіссөз үстеліндегі әңгіменің өзегі де осы еді.