Атырау облысында Газ сепарациялау кешенінің құрылысы басталды
Атырау облысындағы «Теңіз» кен орнының өндірістік-техникалық алаңында Газ сепарациялау кешенінің алғашқы қадасы қағылды. Жобаны «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны – «KMG PetroChem» серіктестігі жүзеге асырып жатыр.
Жоба мемлекет басшысының мұнай-газ химиясы кластерін және өңделген өнім экспортын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алынды. Кешенде жылына 9,1 млрд текше метр газ өңделеді. Құрылысты Италияның Maire тобы басқаратын халықаралық консорциумы бірлесіп жүргізуде. Консорциум құрамына ливандық CCIC компаниясы кіреді.
Газ сепарациялау кешені полиэтилен өндіретін «Силлено» зауытын 1,6 млн тоннаға дейін этанмен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жылына 360 мың тоннаға дейін пропан өндіруге қауқарлы. Бұл өнімдер «Теңізшевройл» компаниясы жеткізетін тазартылған құрғақ газдан бөлініп алынады.
Марат Мурзиев , облыс әкімінің орынбасары:
- Атырау өңірінде бүгін тарихи сәт. Жұмыстың басты мақсаты – еліміздің мұнай-газ химиясы саласында жаңа бағытқа жол алу. Шикізатты терең өңдеу арқасында еліміздің жаңа өндірістер, жаңа өнеркәсіптер ашылуы болады.
Жоба аясында отандық өндірушілерден инертті материалдар, металл конструкциялармен қатар, негізгі электротехникалық және ірі технологиялық жабдықтар сатып алу көзделген. Атап айтқанда, қазақстандық кәсіпорындардан жеті модульдік қосалқы станция, 62 трансформатор, 220 кВ ашық тарату құрылғысы, сондай-ақ пропанға арналған көлденең буллиттер мен төрт ірі технологиялық колоннаға тапсырыс беріледі.
Диас Диянов , «Kmg Petrochem» ЖШС басқарма төрағасы:
- Құрылыс қарқын алғанда Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындары үшін 3 500-ге дейін уақытша жұмыс орны, сондай-ақ 400 тұрақты жұмыс орны құрылады. Болашақта олардың біліктілігін арттырып, жұмысқа орналастырамыз. Кешенді іске қосу 2028 жылдың соңына, ал толық пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланған.
Бүгін Газ сепарациялау кешені жобасындағы жергілікті қамту үлесін ұлғайту жөнінде форум өтті. Іс-шараға отандық өндірушілер мен жеткізушілер, мемлекеттік органдар мен салалық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов