Астанада жас таланттар марапатталды
Алып ұшқан жүректер, құлақ тұндырар музыка мен ондаған жаңа жұлдыздар.
Астанада «Шабыт» шығармашыл жастардың ХХVIІІ Халықаралық байқауы қорытындыланды. Биылғы аламанда қазақстандық қана емес, алыс-жақын шетелден де 800-ден астам өнерпаз бақ сынады. Жас таланттардың жұлдызын жаққан «Шабыт» байқауы туралы тілші материалында.
Бүгін Астанада жас таланттар бас қосты. Көрермендер залында ине шаншар орын жоқ. Байқау қорытындысын білуге келген суретші, сазгер, ақын, жазушылардың көзінде үміт оты маздайды. Себебі өнерпаздар үшін «Шабыт» өзін әлемге танытуға тамаша мүмкіндік.
Ибраһим Амин, жоба жетекшісі:
- Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңді онлайн іріктеп алдық. Одан кейін екінші және үшінші тур. Әрбір кезеңге өткен сайын қатысушылар қиындықты сезінді. Бірақ соған қарамастан әділ қазылардың әділ бағасының арқасында олар осы байқауда жеңіске жетті деп ойлаймын. Әр номинацияда өзінің бағалау талаптары болды.
Байқау барысында қатысушылар тәжірибелі шетелдік және отандық мамандардан дәріс алды. Ал қазылар алқасы құрамына Қытай, Ресей, Түркия, Италия, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің танымал музыканттары, өнер қайраткерлері мен салалық сарапшылары енді. Олар еліміздің дарынды жастарының өнерін жоғары бағалады.
Өмірәлі Исмаилов, «Астана қаласы Суретшілер одағы» ҚБ басқарма төрағасы:
- Осындай фестиваль міндетті түрде керек. Өйткені жастар талпынысын әрі қарай дамыту маңызды. Әрі қарай мемлекеттің деңгейін бейнелеу өнері саласында белгілі бір дәрежеге жеткізіп, халықаралық деңгейде көрсеткені дұрыс деп ойлаймын.
«Шабыт» 30 жылға жуық уақыт аралығында мыңдаған жас шығармашыл тұлғалардың қалыптасуына ықпал етті. Олардың көпшілігі бүгінде еліміздің мәдениет және өнер саласының жетекші өкілдеріне, халықаралық сахналардың лауреаттарына, контент индустриясының кәсіби мамандарына айналды. Биылғы байқау шығармашылықтың сан алуандығын, жас таланттардың шынайы әлеуетін тағы бір дәлелдеді.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Ақылбек Есімсейітов