Еліміздегі үш қалада қоқысты кәдеге жарататын зауыт салынады

Енді алдағы екі жылда елдегі үш бірдей қалада қоқыс жағатын зауыттар салынады.

Құны 293 млрд теңгені құрайтын жоба шетелдік инвестиция есебінен жүзеге асады. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында айтылды. Қоқысты қайта өңдеуге қатысты тағы қандай ұсыныстар бар?

Шерхан Абзалұлы, тілші:

- Елдегі коммуналдық секторда жыл сайын жиналатын 4 жарым млн тонна қалдықтың тек 30 пайызға жуығы ғана кәдеге жарайды. 

Бүгін ел экологиясын бүтіндеу мәселесін қозғаған ведомство басшысы саладағы сан мәселені Үкімет басшысының алдына тізіп берді. Атап айтқанда, елде тұрмыстық қалдықты қайта өңдейтін инфрақұрылым жоқ. Заң бойынша көмуге болмайтын құрылыс қоқыстары полигондарға төгіліп жатыр. Тіршілік иелерін улайды. Ауа мен суды ластап, топырақты тоздырады.

Жомарт Әлиев, ҚР Экология вице-министрі:

- Бүгінгі таңда қалдықтың пайда болуы мен қозғалысының толық көрінісі жоқ. Қалдықтардың 30 проценті есептерде көрсетілмейді және бақылау жүйесінен тыс қалады. Кәсіпорындардың тек 10 проценті ғана есепті электрондық форматта тапсырады. 

Баяндамадан білгеніміз, қоршаған ортаны қоқыстан тазартуға қаржы ғана қол байлау емес. Қалдықты басқаруға қатысты заңдардағы талаптар бір-бірімен үйлеспейтін болып шықты. Мысалы, Жер қойнауы туралы кодексте өндіріс барысында пайда болған минералды қалдықтар реттелген. Бірақ Экологиялық кодексте бұл тармақ қарастырылмаған. Министрлік мәселені шешу үшін осы секілді заңдарды және қоқыстардың барлық түрін жаңа жүйеге енгізуді ұсынып отыр. Қалдықтарды қайта өңдеуге қаржылай көмек көрсетілуі керек. Әрі тиімді тетік ретінде қалдықтарды басқару орталығы құрылу тиіс.

Жомарт Әлиев, ҚР Экология вице-министрі:

- Тұжырымдама жобасында қалдықты жүйелі басқаруға көшуді көрсететін мынадай нысаналы индикаторлар көзделген. Радиоактивті қалдықты қоспағанда, қалдықтың барлық түрлерін 100 процентке түгендеу. Өнеркәсіптік қалдықтарды қайта пайдалану үлесін 10 процентке арттыру. Полигонға жіберілетін коммуналдық қалдық көлемін кемінде 10 процентке төмендету.

Осылайша жиынның соңында 4 жылдық тұжырымдама мақұлданды. Ондағы 60 жобаның 22-сіне 185 млрд теңге қарастырылады. Жобаға министрлік ғана емес, әкімдіктер де жауапты болады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер министрі:

- Осы мәселелерді шешу үшін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобалары іске асырылып жатыр. Қазір инвесторлар анықталып, олармен тиісті келісімдер жасалды. Алдағы уақытта бұл тәжірибе өзге аймақтарға да таратылады. 

Қоқыспен күрес Қазақстанды ғана емес, төрткүл дүниені толғандырған мәселе. Дегенмен, бір жақты еткендер де бар. Ебін тапқан Еуропа елдері. Германия, Швеция, Аустрия шикізат ретінде қолданады немесе қайта өңдейді. Ал АҚШ пен Жапония қоқыс жағып, жарық алады. Бізде де ұмтылыс бар. 

Енді 4 жылда толымды әрі көңілге қонымды тірлік тындырылуы тиіс. 

Шерхан Абзалұлы, Ақылбек Есімсеитов