Қостанай облысында спорт нысандарының саны артты
Қостанай облысында биыл 50-ге жуық спорттық нысан пайдалануға берілді. Оның басым бөлігі ауылды жерлерде орналасқан. Мысалы, Федоров ауданында жабық хоккей корты және дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерді. Жаңа нысандарда спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған. Ең бастысы – ауыл тұрғындары үшін қолжетімді.
Бұл – көпфункционалды спорт алаңы деп аталады. Мұның ішінде жазда доп теуіп, қыста хоккей ойнауға болады. Жақын күндері су құйылып, мұз айдыны жасалады. Шешініп, киінетін, жуынатын бөлмелері мұнтаздай, жарқырап тұр. Жып-жылы. Федоров ауылында 40 шақты бала хоккеймен айналысады екен.
Сергей Фурсов, балалар спорт мектебінің директоры:
- Балаларға 25 толық комплекті хоккей формасы сатып алынды. Одан бөлек, бір ай бұрын ғана 20 жұп кәсіби конькилер жеткізілді. Қазір алдағы маусымға дайындалып жатырмыз.
Ал қалған уақытта қалаған адам осында келіп, тегін коньки тебе алады. Келесі спорт нысаны палуандардан босамайды. Қазақ күресінен бапкер Ералхан Аманжолов жеті жыл бұрын Қызылордан осы ауылға қоныс аударыпты. Содан бері Федоров ауданында балалардың ұлттық спорт түріне деген қызығушылығы артқан.
Ералхан Аманжолов, бапкер:
- Жас ерекшеліктерімен бөлінген үш тобым бар. Сонымен қатар ересектерге арналған үш жаттығуым бар. Сейсенбі, жексенбі күндері 20:00-ден 22:00-ге дейін кешкі уақытта өтеді. Залымызда жаттығуға арналған жабдықтар бар, барлық жағдай жасалған.
Федоров ауданында 88 спорт нысаны бар. Барлығы тегін жұмыс істейді. Кез келген адам қалаған уақытында жаттығу жасап, дене шынықтыра алады.
Евгений Коваленко, Дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
- Бізде аудан халқының жартысына жуығы спортпен айналысады. Әр ауылда дене шынықтыру мұғалімінен бөлек, спорт жөнінен нұсқаушы-әдіскерді ұстап отырмыз. Келер жылы аудан орталығында тағы бір дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарда бар.
Қазіргі кезде облыс бойынша шамамен 1400 спорттық нысан бар. Алдағы жылы олардың қатарын тағы бесеу толықтырады. Салынып жатқан спорттық ғимараттардың бірі тек қана денсаулығында ерекшелігі бар адамдарға арналған.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг