Жолдау-2026: Ұлытау облысында 18 спорт нысаны салынады

Сәтбаев қаласында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Құрылыстың шамамен 40 пайызы аяқталды. Жаңа нысанда күрестің бірнеше түрі мен бокс залдары және тренажер бөлмелері ашылады, деп хабарлайды 24KZ.

Мамандар кешен қолданысқа берілгенде қаладағы спорт инфрақұрылымының қолжетімділігі анағұрлым артатынын айтады. Қазір шағын шаһарда тұрғындардың шамамен 37 пайызы бұқаралық спортпен шұғылданады.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысына қажетті қаржы республикадан бөлінді. Жоба құны – 1,5 млрд теңге. Мердігерлер нысанды келер жылдың мамыр айына дейін тапсырамыз деп отыр. Мұнда спорттың оннан астам түрімен шұғылдануға жағдай жасалады. Күрес, бокс залдарымен қатар спортшылардың физикалық қабілеттерін жетілдіруге арналған жаттығу бөлмесі болады.

Нұрбақыт Тобағұлов, Сәтбаев қалалық Спорт бөлімінің басшысы:

– Сауықтыру кешенінде балалар мен жасөспірімдер үшін қызметтер тегін болады. Футбол, волейбол және баскетбол ойын залдары жұмыс істейді. Ең маңыздысы – волейбол және баскетбол секцияларын ашу. Бұл секцияларға сұраныс өте жоғары. Өйткені қаламыздағы ата-аналар осыны сұрап отыр.

«Жаңа кешен тұрғындардың дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуына мүмкіндік береді», – дейді мамандар. Қазір бұл көрсеткіш 37 пайыз шамасында. Нысан пайдалануға берілген соң бұл көрсеткіш 42 пайызға жетуі мүмкін. Заманауи спорт кешенін салу – облыстағы спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі. Мұндай нысандар өңірдегі өзге де елдімекендерде қолға алынады. Президенттің халыққа арналған Жолдауын іске асыру барысында келер жылы тағы 18 нысанның құрылысы басталады.

Бақтияр Пардабеков, облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

– Жезқазған қаласында 8 нысан, Сәтбаев қаласында 4 нысан, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінде 3 спорттық нысан салу жоспарланған. Сондай-ақ Жаңаарқа ауданында 2 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Жалпы Ұлытау облысында спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Жалпы облыс құрылғалы өңірде ірілі-ұсақты 10 спорт нысаны салынды. Оған мемлекет қаржысынан бөлек, 15 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Спорт инфрақұрылымын дамытуға демеушілерді жұмылдыру алдағы уақытта да жалғасады. Ірі жобалардың қатарында Жезқазғанда ипподром, мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт кешені және мұз айдыны мен жүзу бассейні бар спорт сарайын салу жоспары бар.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев

Сондай-ақ оқыңыз: