Астанада «Халық заңгері» акциясы өтті

Астана қаласының Алматы ауданында "Халық заңгері" акциясы өтті. Науқан «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында ұйымдастырылды.  Оған прокурорлар мен жергілікті билік өкілдері қатысып, халыққа заң тұрғысында тегін кеңес берді. Тұрғындар толғандырған сауалдарын жолдап, сала мамандарынан шешу жолын сұрап білді.

Алматы ауданындағы «Темір жол» тұрғын алабы Астананың шеткейінде жатыр. Сол себепті орталыққа барып, сала мамандарымен сөйлесу халыққа қиын еді. Бүгін барлық дерлік басқармалар мен заң органдарының өкілдері осында өздері келді. Қалың қараша құзырлылардан кеңес алып, көкейіндегі мәселелердің жауабын білді.

Райгүл Касанова, қала тұрғыны:

- «Железнодорожный» тұрғын алабы қаладан шеткей орналасқандықтан адамдардың қалаға барып, шешілмеген сұрақтарын қоюға уақыттары болмайды. Осындай міне, Халық заңгері деп әртүрлі сала өкілдерін әкеліп, халықтың сауалдарына тегін кеңес беріп, жауап беріп осындай ұйымдастырып жатқандарына ризамыз. Әркім өзінің толғандырған сұрақтарына жауап алып жатыр.

Ілкімді шара биылдыққа төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған бас-аяғы 400-ге жуық адам қатысты. Олардың денін тұрмыстық тіршіліктегі түйткілдер толғандырған.

Нұрислам Исмаил, Астана қаласы «Алматы» ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры:

- Бұл акцияның негізгі мақсаты - халыққа заң тұрғысында көмек беру, кеңес беру. Бұдан алдын да бізде осыған ұқсас шаралар өткізілген. Нәтижесінде, халыққа көмегіміз тиді деп санаймыз. Себебі сол акцияның арқасында жолданыммен халықтың арасында жолданым келіп түсті. Оның көбісі қылмыстық қудалау саласын.

Аталған акциядан бөлек бұқара өз сауалдарын е-өтініш порталы арқылы жолдай алады. Сондай-ақ прокуратура ғимаратына келіп кеңес алуға болады. Айталық, аудандық прокурорлардың қызметіне жыл басынан бері 2800 астам адам жүгінген. 

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Санжар Біргебаев, Ернар Нысанбай