Жаһандық сақтандыру индустриясы – қаржы жүйесінің негізгі тетіктерінің бірі
Әр мемлекеттің бұл саланы ұйымдастыру тәсілі әртүрлі. Мәселен, АҚШ-та бұл сала жеке компаниялардың бәсекесіне негізделсе, Еуропада мемлекеттік бақылау басым. Ал Азия елдері технологиялық инновацияларды кеңінен енгізіп жатыр.
АҚШ бүгінде әлемде ең озық сақтандыру нарығы бар ел ретінде танылып отыр. Оның жылдық көлемі шамамен 2 триллион долларға жетеді. Көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Орта есеппен алғанда әр компанияға 200 млн доллардан келеді. АҚШ сақтандыру жүйесінің ең маңызды ерекшелігі - ол федералды деңгейде емес, әр штаттың өзіне тән заңдары мен талаптары арқылы реттеледі. Сондықтан сақтандыру полистерінің шарттары мен талаптары әр аймақта өзгеріп отырады.
Қытай сақтандыру нарығы көлемі бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орында. Елде медициналық сақтандыру жүйесі кеңінен қамтылған. Бүгінде халықтың 95%-дан астамы медициналық сақтандыруға тіркелген. Кейінгі жылдары өмірді сақтандыру жүйесі айтарлықтай өскен. Ал нарыққа енгізілген IT-технологиялар сақтандыру қызметтерінің тиімділігін арттырды. 2022 жылы Қытайдағы сақтандыру сыйақыларының жалпы көлемі 700 млрд долларға жеткен. Сарапшылардың болжамынша, мұндай қарқынмен 2030 жылға қарай Қытай әлемдегі ең ірі сақтандыру нарығына айналуы мүмкін.
Ұлыбританияның сақтандыру ісі – Еуропадағы ең дамыған жүйенің бірі болып саналады. Елдегі жылдық сақтандыру жарналарының көлемі шамамен 360 млрд доллар деңгейінде. Оның негізгі бөлігін автокөлік пен жылжымайтын мүлікті сақтандыруды қамтиды. Сонымен бірге өмірді сақтандыру жүйесі де елде кең таралған. Адам қайтыс болған жағдайда немесе ауыр жарақат алған кезде оның отбасы тиісті өтемақы алуға құқылы. Жалпы мұндай полистер әдетте жеке сақтандыру компаниялары арқылы рәсімделеді. Ал кейде жұмыс берушілер ұсынатын әлеуметтік пакеттердің құрамына да енгізілуі мүмкін.