Оңтүстікте су тапшылығы болуы мүмкін

Балықты да, басқасын да өсіру үшін алдымен мол су керек. Бірақ Шардараға құйып жатқан су жылдағыдан әлдеқайда аз.

Сырдың да ағысы көңіл көншітпейді. Бұл шаруа баққан ағайынға қиын. Ертең жаз келгенде егін мен малға су таппай қалуы мүмкін. Енді қайтпек керек? Мәселе Үкімет отырысында көтерілді. Қол қусырып отыра алмаймыз, қазірден қамданған жөн. 

Алдағы жазда оңтүстіктегі диқандар судың зардабын тартуы мүмкін. Себебі қазір Шардараға түсіп жатқан тіршілік нәрі жылдағыдан 43 пайыз аз. Ал Нарын-Сырдария бойындағы су қоймаларының қоры былтырғы көлемнен 3 млрд 800 млн текше метр кем. Бұл елдің негізгі суармалы алқаптары шоғырланған Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы шаруаларды алаңдатып отыр.

Қанат Бозымбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

- Келесі жылғы вегетацияға болжамды су келуі небәрі 1-1,5 млрд текше метр деп бағаланып отыр. Бұл 1 млрд текше метрге дейін тапшылық қаупін тудырады. Жамбыл облысында су қоймалардың толымдылығы бар болғаны 41 пайызды құрайды. Киров және Теріс-Ащыбұлақ су қоймаларын жобалық деңгейге дейін толмау қаупі бар.

Сондықтан Үкімет су үнемдеу технологияларын жеделдетіп енгізбек. Бүгінде елде 550 мың гектарға жуық алқапта үнемдеу технологиясы қолданылады. Және бұл көрсеткіш жылына 150 мың гектарға ұлғайып келеді. Тағы бір амалы – ылғал сүйетін дақылдар егістігін азайту. Бұл бірінші кезекте күріш пен мақтаға қатысты.

Назгүл Хатепова, ҚР АШМ Егіншілік департаментінің директоры:

- Ағымдағы жылы суды көп қажет ететін дақылдарды айтатын болсақ, мақта дақылының көлемі 135 мың гектарды құрады. Оның 50 мың гектары су үнемдеу технологиясы бойынша енгізілді Түркістан облысы бойынша. Күріш дақылына келетін болсақ, Қызылорда облысында күріш дақылының алқабы 4,7 мың гектарға қысқарған болатын. Яғни биыл 80,9 мың гектарды құрады.

Мақта мен күріш дақылдары алқаптарын азайту келесі жылы да жалғасады. Мәселен, Қызылорда облысында күріш егістігін 80 мыңнан 70 мың гектарға дейін азайту көзделген. Дегенмен кейбір өңірлер егісті әртараптандыруға салғырт қарап отыр.

Назгүл Хатепова, ҚР АШМ Егіншілік департаментінің директоры:

- Жекелеген облыстарда қиындықтар болды бұл индикаторларға қол жеткізу бойынша. Соның ішінде Түркістан облысы бойынша биыл бізде 4 мың гектар күріш егу керек болатын жол картасына сәйкес. Алайда 10 мың гектарға биыл Түркістан облысында, яғни 6 мың гектарға артық егілді. Қалған облыстар бойынша бізде барлығы дерлік осы индикатордың шеңберінде жүзеге асырылды.

Үкімет отырысында берілген тапсырмаға сәйкес, Су министрлігі су тұтыну лимитін белгілеуге тиіс. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі осы лимит бойынша ылғал сүйгіш дақылдар егістігін анықтайды. Мұнда су үнемдеу технологиясы да ескеріледі. Жалпы, кейінгі жылдары үнемдеу технологиясына мемлекеттен қолдау күшейді. Бұл мақсатта алдағы екі жылда 230 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Арман Ақшабаев