Астанада экологиялық тақырыпта жазылған жинақтың тұсауы кесілді

Астанада 12 жастағы жазушы экологиялық тақырыпта жазылған жинағының тұсауын кесті.

Қарағандылық жас жазушы Платон Нечаев «Платонның сиқырлы әлемі» атты ертегілер сериясында бүлдіршіндерді еліміздің тұмса табиғатымен таныстырып, қиял-ғажайып оқиғаларға жетелейді. Кітап Бөлектау тауы, Балқаш көлі мен Қарағанды қаласының тарихынан сыр шертіп, қара отын кенішін алғаш боп тапқан әйгілі Аппақ Байжановтың өмірімен таныстырады. Осы уақытқа дейін жас өнерпаздың шығармалары Париждегі Параолимпиадалық ойындарда және Сауд Арабияда өткен Дүниежүзілік ЮНЕСКО ұйымының конференциясында қойылған.

Платон Нечаев, жас жазушы:

- Менің кітаптарымның бәрі экологиялық мәселемен, спортпен байланысты. Әр кітаптың соңында балаларға қызықты болуы үшін экологияға қатысты тапсырмалар да берілген. Жалпы ертегі жазуды 2 жыл бұрын қолға алдым. Платон 5D деген байқауға сурет өткізуім қажет еді, алайда мен оны оқиғамен толықтырып, осылайша ертегі әлеміне кіріп кеттім. Кітаптарым арқылы мен табиғатты аялау керектігін жеткізгім келді.