Президент Телерадиокешені мен «Al Jazeera» ынтымақтастығына үш жыл толды
Отандық Президент телерадиокешені мен Al Jazeera телекомпаниясының арасындағы стратегиялық ынтымақтастыққа үш жыл толды.
Мерейлі мезет қарсаңында Қатар астанасында Қазақстан Президентінің Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева мен әлемдегі ең ірі әрі беделді медиакомпаниялардың бірі — Al Jazeera Media Network-тың бас директоры Шейх Нассер бин Фейсал Әл Тани кездесті.
Тараптар әріптестік қатынасқа қарқын қосуды және шетелдік ақпарат агенттігінің Орталық Азиядағы жаңалық тарату аясын кеңейту жайын жан-жақты талқылады. Айтайық, Al Jazeera телекомпаниясы 1996 жылы Қатар әмірінің жарлығымен құрылған. Компания араб және ағылшын тілдерінде хабар таратады. 50-ден астам шетелдік бюросы бар.