Балаларды ұлттық өнерге баулыған бөбекжай
Ақтаудағы №19 балабақша тәрбиеленушілері мал жүнін өңдеп, өз бетімен әртүрлі бұйымдарды жасайды.
Танымдық кабинетті жасақтауға бүлдіршіндердің жақындары атсалысқан. Ұлттық нақыштағы оқу сыныбында тігіншілікте қолданылатын құралдардың барлығы бар. Қазіргі кезде мектеп алды даярлық топтары төрт түлікті қырқу, ұршық иіру тәсілдерін үйреніп жатыр.
Танымдық жобаға балалардың жақындары да дән риза. Апта сайын өтетін дәріске бір топ ата-ананың ұлттық киіммен келіп, қатысуы үрдіске айналған. Бұл жолғы сабақта бүлдіршіндерге малдың жүнін қырқатын құралды қолдану жолдары түсіндірілді.
Ербол Рахметов, қала тұрғыны:
- Қазақтың салт-дәстүрін үйрететін жоба ма, жүн технологиясы ма, өте қуаншытымын. Осы балаларға бұрыннан келе жатқан құралдың, мына қырықтық дегенді көбісі біле бермейді. Қазақстан бойынша осындай жобалар көп болсын. Осыны үйретіп жатқан балабақша ұжымына рахмет айтқым келіп тұр.
Нұрислам Бақытбай, балабақшада тәрбиеленуші:
- Мен осы балабақша асығып келемін. Ағай қойды қырқуды үйретіп жатыр. маған бұл сабақ өте қызық.
– Жіпті иіру үшін алға, ширату үшін артқа қарай айналдырамыз.
Ұршық, ине-жіп, тігін кәсібінде қолданылатын өзге де құралдарды оқытушылар өз қаржысына сатып алған. Төрт түліктің өңделген жүнін бүлдіршіндердің ата-анасы әкеліп беріпті. Қыз балалар түрлі-түсті жіптен әшекей бұйым, кәдесый тоқыса, ұлдар мал жайғап, қонақ күту дәстүрімен танысуда.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Бөбекжай дәлізінде шағын көрме жасақталған. Бұл жерде қой, түйе жүнінен тоқылған бұйымдар қойылған. Ұлттық нақыштағы кәдесый, ойыншықтарды бүлдіршіндердің өздері жасапты.
Ләззат Нұржанова, бөбекжай меңгерушісі:
- Әріптестерімізбен байланыстамыз. Қазіргі жобамыз «Жүн технологиясы» бойынша «Оқушы орталығымен» меморандумға отырып, бірге жұмыс жасап жатырмыз. Биылға бізде зерттеу болғаннан кейін мектеп алды тобын ғана қамтып жатырмыз. Келесі жылы ересектер мен ортаңғы тобын қосуға ниеттіміз.
Ата кәсіпке баулитын оқу кабинеті бар бөбекжай Ақтауда әзірге жалғыз. Игі бастама авторлары өз тәжірибесімен бөлісіп, әріптестеріне шеберлік сағатын өткізуге дайын. Балалар енді Тәуелсіздік күні тақырыбын арқау еткен картиналарды жасауға кірісті.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев