Ақыл сататындардың сауаты айқындалады
Коуч қызметін лицензиялау және кәсіби тіркеу жүйесі әзірленіп жатыр. Осылайша, оларды білім-білігіне қарай іріктемесе, қоғам арасын ірітіп жүргендер де аз емес.
Адамдарға психикалық және әлеуметтік тұрғыда қауіп төндіреді. Технология дәуірлеген сайын табыс табудың тың әрі әккі жолын меңгергендер енді кәсібилігін де дәлелдеуге міндеттеледі.
Айнала ақылгөй. Қазіргі қоғамның шындығы осы. Күніміз коучтарға қарап қалғандай. Бұрын әлі жеткенше еңбектенетін. Еңбегіне қарай өнбегін көретін. Енді әлем желідегі ертегіге сенеді. Тілінде сүйегі, ернінде жиегі жоқтар көпшіліктің көңілін арбап, көл-көсір пайдаға кенеліп жүр. Әлбетте, өзгенің табысында шаруамыз жоқ. Тіпті кәсібилері кесірін де тигізбес. Алайда білім-білігі көлеңкесінен аспайтындар аңғал адамдардың өмірін астан-кестен етіп жатқаны жасырын емес.
Ардақ Әбеуова, заңгер:
- «Как сэкономить и разбогатеть» атты сабаққа кірдім. Содан сабақ ала бастаған кезде оның маған түк те керегі жоқ екенін түсіндім. Айтатындары ана елде былай, мына елде былай деп. Одан қалса бізге тапсырмалар береді», - деді. Содан сотқа бардық. Сотта татуласу шараларын қолдандым. Медиация. Келісім шартқа қол қойдық. Олар ақшаны қайтарамыз деді. Албіз шағымымызды қайтарамыз дедік.
Уақытын сарп етсе де, қаржысының қайтқаны да қайырлы шығар. Алайда базбіреулер «Жұбайыңызды қалай өзгертуге болады?» немесе «Ажырасу - жаңа өмірдің бастауы», - деп шатып, көпті шатастырып жүр. Осындай радикалды көзқарастарға сенатор Амангелді Есбай реакция танытты. Сарапшы сымақтарды сыбап, депуттатық сауал жолдады. Сонымен қатар олардың қызметінің заңды және кәсіби тұрғыда реттелмеуіне ренішін жеткізген.
Амангелді Есбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Сертификаттары жоқ, психолог ретінде арнайы білімі жоқ немесе бизнесті дамытуға байланысты сабақ өткізіп жатқан коучтардың арнайы білімдері жоқ. Бұл азаматтарды адастырып жатыр. Яғни өзінің бір оқыған кітаптары арқылы ғана, өзінің пайымдауымен жүргізеді. Нақты ғылымы негізі тіркелмеген. Халықаралық тәжірибеге қарасақ, нақты коучтардың тізімі болу керек. Бізде ол жоқ. Мысалы, қанша коуч бар екенін білмейміз. Сондай-ақ олар берген сабақтардың нәтижесі қаншалықты? Сол себепті коучтардың реестрін жасау керек, олар тіркелу керек.
Сенатордың сауалы жауапсыз қалмады. Премьер-министр енді коучтар Халықаралық коучинг федерациясынан сертификат алуға міндеттелетінін жеткізді. Оның үстіне олардың қызметіне бірыңғай кәсіби стандарт енгізіледі. Саны тоғыз. Бизнес-коуч, мансаптық, лайф, командалық, көшбасшылық коуч деп кете береді. Денсаулық, wellness коуч пен кәсіпкерлерге арналған және білім беру, тағы спорттық дайындық коучі дегендер де бар. Бұл стандарт қазір ғылым және жоғары білім министрлігінде бекіту сатысында.
Дана Жантемірова, сертификатталған коуч PCC ICF:
- Негізінен коуч-сессия – бұл жеке жұмыс. Сертификатталған барлық жаттықтырушының сүйенетіні этика кодексі. Келісім шарт жасасудың маңызды тұсы осы. Ал коучинг қызметі келіп-кетіп, нәтижеге жетумен өлшенбейді. Ол ұзақ әрі жоспарлы жұмыс. Көбіне коучтарды психологтар мен терапиямен шатастырады. Коучтардың қолынан ғажап келеді деп ойлайды. Анығында коуч ешқашан кеңес бермейді. Тек нұсқау береді. Яғни сұрақтардың жауабы келушінің өз ішінде. Демек біз тек соны оята аламыз. Жетістікке жету үшін дұрыс ойлана білуге бағыттаймыз. Бойындағы әлеуетін ашамыз.
Онлайн білім беру оңайға соқпайын деп тұр. Сауатыңды дәлелдей алмасаң сылтауың өтпейді. Қысқасы коучтар мен блогерлер дипломсыз курс сата алмайды. Оқыту материалдарын орналастыру үшін міндетті түрде автордың білімі туралы мәліметтер көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ тағы бір қатаң норма бар. Тренинг ұйымдастырушылар «бәрі бірден жақсарып кетеді», - деп айтуға құқы жоқ. Өйткені жалған үміт жарға жығады. Мұның арты жауапкершілік немесе жаза. Жалпы тұтынушылар құқығының бұзылуы немесе елеулі зиян келтіру қылмыстық кодекстің алаяқтық бабына жатады. Ал «өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап», - деген Абай ақиқатын айтқан.
Авторы: Нысаналы Ығыл