Алатаудағы туристер саны екі есе өседі
Иә, қыстың шыжығы да, қызығы да көп. Орман-көл, тау-тасқа адам қыста тіптен құмарта түседі.
Алматы тау кластеріне қыдырып баратын туристер саны 4 жылда екі есе ұлғаяды. Яғни 986 мыңнан 1 млн 700 мыңға жетуге тиіс.
Үкімет кешенді жоспар қабылдады. Жоспарда 7 негізгі бағыт бойынша 69 іс-шараны жүзеге асыру көзделген. Сәтін салса осыған дейін елеусіз қалып, көзден таса жатқан шатқалдар мен шыңдар туристердің сүйікті орындарына айналмақ.
Бүгінде елде 14 тау шаңғысы курорты бар. Оның ішінде Алматы тау кластеріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл мақсатта 2029 жылға дейінгі кешенді жоспар бекітілді.
Соның арқасында шетелдік туристер санын арттыру көзделген. Яғни 986 мыңнан 1 млн 700 мыңға жетеді. Сондай-ақ туризм саласында нан тауып жүрген кәсіпкерлер саны 100 мыңнан асуға тиіс. Жоспар шеңберінде әлеуеті жоғары, бірақ осы уақытқа дейін елеусіз қалған орындарды дамыту қолға алынады. Мәселен, «Шымбұлақ» пен «Ойқарағай» курорттары бір жүйеге біріктіріледі. Ал «Алматы суперски» курортындағы шаңғы трассасы 65 шақырымға дейін созылады.
Алматы тау кластерін дамыту
Шетелдік турист – 986,3 мың – 1,7 млн
Кәсіпкер – 101,8 мың
Нұрбол Байжанов, ҚР Туризм және спорт министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:
- Қазақстанның тау шаңғысы туризмі бойынша Орталық Азияда көш бастауына барлық мүмкіндігі бар. Қазір тау туризмінің жаңа бағыттары әзірленіп жатыр. Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әкімдіктер тарапынан бағыттар бойында баспаналар тұрғызу қолға алынды. Сондай-ақ олар қажетті инфрақұрылыммен жабдықталады.
Жалпы биыл қаңтар-қыркүйек аралығында ішкі туристер саны 6 млн 700 мыңға жетті. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 741 мың адамға көп. Ал шетелдік саяхатшылар 12 млн-нан асты. Қонақ саны былтырғы жылға қарағанда 4,3 пайызға көбейді. Бұлардың ішінде 8 млн 600 мыңнан астам адам елде бір күннен артық қонақ болды. Туристердің көбеюіне жарнама жақсы әсер етіп отыр. Жауапты министрлікте жұмысты шираттық дейді.
Турист саны
Ішкі турист – 6,7 млн адам
Шетелдік турист – 12,1 млн адам
8,6 млн адам бір күннен артық болды
Нұрбол Байжанов, ҚР Туризм және спорт министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:
- Кешендік жоспармен қатар, имидждік жиындарға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Мәселен, биыл 5 халықаралық көрмеге қатыстық. Одан бөлек он шақты ақпараттық тур өткіздік. Оған 100-ден аса шетелдік туроператор, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен блогерлер келді. Сондай-ақ биыл елімізде әлемдік шоу-бизнес жұлдыздарының концерттерін, жаһандық кітапханалар қауымдастығының конгресі сияқты ірі жиындарды ұйымдастырдық. Бұлардың барлығы туристерді көптеп тартуға әсер етті.
Соның арқасында кәсіпкерлердің де табысы өсті. Елдегі туризм нысандары 268 млрд теңгенің қызметін көрсетті. Мұндағы өсім 20 пайызға жетті. Салаға тартылған инвестиция да ұлғайды. 10 айда 923 млрд теңге қаржы құйылды. Өсім – 38 пайыз. Қазір елде қонақүй, кемпинг сияқты 4,5 мың обьекті бар. Олар бір мезгілде 243 500 адамды қабылдай алады.
Инвестиция көлемі
Қызмет сомасы – ₸268 млрд
Инвестиция – ₸923 млрд
Орналастыру нысаны – 4,5 мың
Орын саны – 243,5 мың
Жалпы биылғы жарты жылда туристік нысандардың құрылысына 1,5 млрд қаржы бөлінді.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Досбол Байділдин