Жұмысшы мамандықтарға сұраныс артты
Биыл Қарағанды облысындағы колледждерде техникалық және жұмысшы мамандықтар бойынша оқуға түскен жастар саны 60 пайызға артты. Әсіресе көлік жасау, цифрлық техниканы басқару, электр жабдықтарын жөндеу және ауыл шаруашылығын механикаландыру сынды мамандықтарға сұраныс жоғары.
Колледждерде шәкірттерге тәжірибелік тұрғыда тереңірек білім беретін 14 заманауи құзірет орталығы ашылды. Ал мектептерде оқушылар өз мамандығын айқындау үшін бейінді сыныптар жұмыс істейді.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Қарағанды облысындағы 52 колледжде 33 мың жас оқып жүр. Өңірде инженерлер, IT-мамандар, педагогтар және медицина мамандары көптеп даярланады. Әсіресе акушер, педиатр мен анестезиологтарға сұраныс зор.
Сондай-ақ жұмыс берушілер құрылысшылар мен STEM бағытындағы мамандарды жиі сұрайды. Тәжірибелік даярлықты күшейту үшін колледждерге дуальды оқыту жүйесі енгізілген. Соның аясында өңірдегі 41 колледждің шәкірттері кәсіпорындарда тәжірибеден өтеді. Бірқатар колледж компаниялардың арнайы тапсырысы бойынша мамандар даярлайды. Биыл облыста техникалық және жұмысшы мамандықтарға сұраныс 60%-ға артты. Мысалы кеншілер қаласындағы техникалық колледж былтырғыдан 200 абитуриент көп қабылдады.
Ілияс Рахман, техникалық колледждің студенті:
- Мен өз мамандығымды саналы түрде таңдаған едім. Қазіргі кезде энергетика саласы бүкіл өндірістің былайша айтқанда көзі болып келеді. Менің техник-электрик мамандығым өте көп жауапкершілікті, білім мен нақты тәжірибені талап етеді. Менің ойымша, мамандығым болашақта сұранысқа ие.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Өңірдегі колледждерде заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген 14 құзырет орталығы ашылды. Ал мектептерде медицина, IT, педагогика, аграрлық сала және тау-кен ісі бойынша бейінді сыныптар бар.
Бұл оқушыларға сұранысқа ие мамандықты ерте таңдауға мүмкіндік береді. Оқу орындары бизнеспен тығыз байланыс орнатқан. Бүгінгі таңда жүзден астам кәсіпорынмен келісімшарт жасалып, олар колледждерді жабдықтауға, тәжірибе алмасуға және түлектерді жұмыспен қамтуға қолдау көрсетіп отыр. Сондай-ақ өңір тұрғындары қысқа мерзімді курстар арқылы да мамандық ала алады.
Нұржан Сыздықов, облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры:
- Қысқа мерзімде бүгінгі таңда 21 оқу орындарында өткізілген болатын және осы Қарағанды облысы бойынша бес колледжде қысқа мерзімді оқу даярлау болды. Бұл жастарды ғана оқыту емес, зейнеткерлікке дейінгі өздерінің мамандықтарын қайтадан өзгертіп, басқа мамандық алғылары келетін адамдарды да оқытып, өз маманының иесі болып бітіріп жатыр.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Жыл басынан бері өңірде 32 мың адам жұмыспен қамтылды. Жұмыссыздық деңгейі төрт пайыз шамасында. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен төмен. Сұранысқа ие кадрларды даярлау мақсатында келесі жылы колледждерде бес жаңа мамандық ашу жоспарланып отыр. Олар – маркшейдерлік іс, ет өнімдерін өндіру, бұйымдарды химиялық тазалау мен бояу, сондай-ақ графикалық және мультимедиялық дизайн сынды сұранысқа ие мамандықтар.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит