Бірдей білім мен теңдей мүмкіндік

«Ауыл мен қала балаларының білім алу мүмкіндігі бірдей болу керек». Мемлекет басшысы тамыз конференциясында осыны тапсырды.

Арадағы алшақтықты жою үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр? Шекара маңындағы 650 мектеп сапалы білімнен шет қалмай ма? Сала министрлігі ауылдағы білім ошақтарын бірте-бірте цифрлық нұсқаға көшіруге көшті. Бірақ түйткілдің түйіні инфрақұрылым тартумен ғана тарқамайды.

Ел ертеңі – қалада ғана қалыптаспайды. Алақандай ауылдағы балалардың да алатаудай армандары бар. Бірақ білімсіз қанат бітпейді. Ал қанатсыз қарыштай алмайсың. Демек шалғай мен шаһар мектебінің білім беру деңгейі көк пен жердей емес, теңдей болу керек.

Жалпы республикадағы ауыл мектебінің саны 5026. Шағын жинақты мектептер 2700-ге шамалайды. Соның әзірге 530-дан астамын тірек мектептері түлетіп жатыр. Қалғаны да бірте-бірте қамқорлыққа алынады.

Алмагүл Мұқышева, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы орталығының директоры:

- Шағын жинақты мектептердің барлығын тірек мектептерге бекіту арқылы қашықтан сабақтар ұйымдастырып отырмыз. Бұндағы ең басты мақсат оқушылардың цифрлық сауаттылығын дамыту. Сондай-ақ педагогтердің әлеуетін арттыру. Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру. Қазіргі таңда Президент Жолдауының негізінде қазақ диджитал мектебінің тұжырымдамасының жобасы әзірленіп жатыр. Келесі бағытымыз ауыл мектептерін тұтастай цифрлық платформада оқыту арқылы білімдегі алшақтықты қысқартуға бағытталады.

Айдос Жұманазаров, Білім беру саласының сарапшысы:

- Ол жерде бір парадокстар бар. Қаланың мықты мұғалімі ауылдық жерде орналасқан мектеп оқушыларына сабақ береді деген. Ол қай уақытқа дейін жалғасады. Біз ауылдық мектептегі мұғалімнің биология пәні ме, биологисын қайта оқыту керек, химия, физика пәндері мен, соны қайта оқыту керек. Өкінішке қарай бізде Қазақстанда заочный оқыған өте көп болды. Сосын декретте отырып келетін көп. Ескеру керек, 1-2 жыл декретте отырғанда пәннің көп бөлігін ұмытып қалады.

Ауыл баласы қалаға қарап аузын ашып, көзін жұмбау үшін көп-көрім жұмыс істелді. Соңғы 3 жылда 4 мыңнан аса ауыл мектебінің материалдық-техникалық жабдығы жаңартылған. 2 мыңның үстінде STEM-зертханамен қамтылды. Тек биыл 1 мыңнан артық білім ошағы жаңғыртылып, 1 мың 200-ге жуық замануи пән кабинеттері ашылды. Енді тек қолдағы құралға сай құнарлы білім берілу керек, - дейді сарапшы. Өйткені дәстүрлі жолмен көп нәрсе дәлелдей алмайсың.

Айдос Жұманазаров, Білім беру саласының сарапшысы:

- Жасанды интеллект мұғалімдерден әлдеқайда күшті дерек, ақпараттарды тауып бере алады. Шығармашылық білім беруді жалпы әлем өтіп жатыр. Мысалы, информатиканың өзін робототехникамен байланыстырып, математика, гемометрия болсын түрі лабороториямен шығармашылық білім беруге көшпесек көштен қалып қоямыз.

Білім беру саласының басы-қасындағылардың ендігі басты мұраты – «технологиялық ұлттың» ұландарын даярлау. Өйткені әлем жасанды интелектіге жармасып, цифрландыру сиқырын үйреніп жатыр.

Авторлары: Нысаналы Ығыл, Мерей Талап