Дәрігерге күш көрсеткендер қатаң жазаға ілігеді
Сенат депутаттары қар жамылғысын зерттейтін Орталық Азия өңірлік гляциология орталығына ЮНЕСКО мәртебесін қайта беруге байланысты Заң жобасын мақұлдады.
Сондай-ақ дәрігерлердің қауіпсіздігіне, құрылыс кодексіне, банк қызметіне және цифрлық кодекске қатысты заң жобалары бірінші оқылымға шығарылып, сенаторлардың қызу талқысына түсті.
Назым Кенжебай, тілші:
"Енді дәрігерлерге күш көрсеткен азаматтар 2 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бүгін Жоғарғы Палата депутаттары медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қоқан-лоққы көрсету фактілеріне жазаны күшейтуге қатысты Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заңға өзгеріс енгізуге кейінгі кезде қоғам ішінде жиілеген келеңсіз жайттар себеп болды. Сондықтан депутаттар АҚШ пен Ұлыбритания тәжірибесіне сүйене отырып, жаза түрін қатаңдатуды ұсынып отыр".
Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
"Бүгінгі күні біздің барлық салада цифрландыру үрдісі жүріп жатыр. Осы цифрландыру қандай мәселелерді шешеді дейтін болсақ, ол жайлы орта құру халыққа, халықтың жағдайын жасау, жұмыстарын оңтайландыру мәселесін өте керекті нәрселер. Бүкіл әлемде цифрландыру бойынша әр түрлі заңдар қабылданған. Ал бізде Қазақстанда әлемдегі ең бірінші мемлекеттердің қатарында осы цифрландыруға байланысты заңдар бір кодекске енгізілді. Бұл әлемде жоқ үрдіс".
Сенат Цифрлық кодексті мақұлдады
"Бұдан бөлек Сенат отырысында азаматтардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Цифрлық кодекс Заң жобасы назарға алынды. Құжат мемлекеттік органдар қызметін цифрландыру, электронды цифрлық қолтаңбаның қолданыс аясын реттеу, мемлекеттік мекемелердің құзыреттерін цифрлық кеңістікте айқындауды көздейді. Кодекс шеңберінде цифрландыру, көлік және кәсіпкерлік мәселелері бойынша 11 кодекс пен 121 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек".
"Киберқауіпсіздік, азаматтардың жеке деректерінің цифрлық ортада сенімді түрде сақталуы құжаттың маңызды бөлігінің бірі. Сондай-ақ байланыс операторларына ішкі антифрод жүйелерін енгізу және рұқсатсыз трафикті бұғаттау міндеті де жүктеледі. Бұдан бөлек бірқатар өзгеріс авиациялық апаттарды тергейтін уәкілетті ұйым құруға бағытталған. Құжат күшіне енсе, мемлекеттік қолдау шараларын цифрлық форматта қадағалау үшін «Baqylauda» ақпараттық сервисі енгізіледі".
Құрылыс компанияларына талап күшейтіледі
"Отырыста қоғам ішінде қызу талқы туғызған Құрылыс кодексі алғашқы оқылымға шығарылды. Бұған сәйкес, сапасыз тұрғын-үй салып, заңды белшеден басқан құрылыс компанияларының жосықсыз әрекеттеріне тосқауыл қойылмақ. Сонымен қатар сел және көшкін қаупі бар учаскелер картасын ескермей, Алматы қаласы бойынша және сейсмикалық аймақтарда құрылыс мақсаттары үшін жеке және заңды тұлғаларға жер учаскелерін жеке меншікке немесе уақытша қолданысқа беруге тыйым салынады".
"Сенат депутаттарының талқысына түскен тағы бір заң жобасы - банк қызметін реттеуге қатысты құжат. Заң жобасы қабылданса, алдағы уақытта биометриялық мәліметсіз, алаяқтық жолмен рәсімделген несиені банктер өз мойнына алады. Биометрия дұрыс өтпесе, банк несиені қарыз тізімінен шығаруға міндеттеледі".
Назым Кенжебай, Марат Диханбаев