Қызылорда облысында ауызсу мәселесі толық шешімін тапты

Қызылорда облысында ауызсу мәселесі толық шешімін тапты. Шалғай елді мекендерге дейін таза ауызсу жеткізіліп, тұрғындардың тұрмыс сапасы жақсарды.

Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жоспарлы түрде кезең-кезеңімен жүзеге асырылды.

Арал қаласынан 82 шақырым жерде орналасқан Тастүбек елді мекенінің тұрғындары бұған дейін ауызсуды құдақтан тасып ішті. Теңіз түбегіндегі балықшылар ауылына тұщы су арнайы көліктермен жеткізіліп, құдықтар толтырылып тұрған.

Енді ауылдықтар үшін бұл қиындық артта қалды. Таза су құбыры әр үйге кіргізілді. Қыстың күні қырауда су тасу машақатынан құтылып, тұрмысымыз жеңілдеп қалды, - дейді елдімекен тұрғыны Мейрамкүл Әбсұлтанова.

Мейрамкүл Әбсұлтанова, Тастүбек ауылының тұрғыны:

- Суды үйден емін-еркін пайдалана аламыз. Күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге жақсы болды. Бұл автоматтандырылған машинаны пайдалануға да үлкен көмегін тигізіп жатыр.

Бұған дейін Арал ауданы орталығынан 300 шақырымдай қашықта жатқан Ақбасты ауылынан бастап, Абай, Тоқабай, Ерімбетжаға елдімекендеріне ауыз су құбыры тартылған болатын. Сонымен қатар Қазалы ауданындағы Сарбұлақ, Шәкен, Шилі,Шитүбек тұрғындарының да басты мәселесі шешімін тапты. 

Аманжол Оңғарбаев, Арал ауданының әкімі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық елді мекендер 100 пайыз сумен қамтылсын деген мақсаттағы жұмыстарды бір түйіндедік. Яғни қашықта жатқан 5 елді мекен, соның бірі осы Тастүбек ауылы құны 1 млрд теңгенің үстіндегі қайтарылған активтердің есебінен келіп тұрған қаражатқа салынды. Құрылыс сапасы өте жоғары, жақсы деңгейде. Енді елдің игілігіне пайдалануға толық мүмкіндік бар.

Өңірде елді мекендерді толық ауызсумен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, 2022 жылдан бері жалпы құны 35 миллиард теңгеден асатын 77 жоба жүзеге асырылды. Мамандардың мәліметінше, 2025 жылы 9 шалғай елді мекенге таза ауызсу жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда бұл мақсат толық орындалып, жұмыстар 100 пайыз аяқталған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин