Шаруаларды қолдау көлемі 10 есе артты

Кейінгі он жылда агроөнеркәсіп кешенін қолдау көлемі 10 есе ұлғайды. Бірақ Президент оның тиімділігі күмән тудыратынына тоқталды.

2024 жылы шаруаларға 580 млрд, былтыр 1 трлн теңге жеңілдетілген несие берілді. Соның арқасында 2015-тен 2024 жылға дейін саладағы жалпы өнім көлемі 2,5 еседен астам өсті. «Іргелес елдердің бірде-біреуінде ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан мұндай ауқымды көмек көрсетілмейді. Ол жақтағы шаруалар Қазақстандағы әріптестеріне жақсы жағдай жасалғанына таңғалып, оларды «аграрлық олигархтар» деп атай бастады», - деді Мемлекет басшысы. Дегенмен елдегі шағын шаруашылықтар жеткілікті көлемде субсидия ала алмай отырғанын назардан тыс қалдырған жоқ. Осы орайда Үкіметке тиісті тапсырма берілген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Әлбетте, субсидиялар керек. Әсіресе қазіргі кезеңде өте қажет. Бірақ, мұның кері әсері де бар. Себебі масылдық пиғыл туғызып, ауыл шаруашылығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан қазір Үкімет кооперативтерге, яғни шаруалар бірлестігін құруға қайта оралу мәселесін қарастырып жатыр. Кооперативтер еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра алады. Сондай-ақ дайын өнімді сататын нарықтарға жақын болуға, тұтынушылармен ұзақ мерзімге арналған қатым-қатынас орнатуға жол ашады. Дамыған елдердегі кооперация жақсы қырынан көрінді. Тіпті ірі корпорация деңгейіне жеткен бірлестіктер бар. Қазақстанның барлық ауылында табысты кооперация құруға негіз болатын алғышарттар жеткілікті.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» тақырыбындағы сұхбатынан