Павлодар облысында иісшіл иттер 200-ден астам қылмысты ашуға көмектесті
Павлодар облысында былтыр иісшіл иттер 200-ден астам қылмысты ашты.
Оның ішінде қару-жарақ пен есірткі заттарын анықтау үшін иттің көмегі көп. Кинология орталығы полицияның сенімді серігін даярлау ісін жыл сайын жетілдіріп отырады. Қалада бейнебақылау камерасы көбейіп, қауіпсіздік шаралары күшейтілсе де, иісшіл иттің қызметіне сұраныс бар.
Кинология орталығы құқық қорғау саласындағы маңызды құрылымдардың біріне айналғалы қашан. Қызметтік ит бүгінде полицейдің сенімді серігі. Талай қылмыстың дер кезінде ашылуына себеп болды. Оған дейін барлық ит тыңғылықты даярлықтан өтеді.
Инспектор-кинолог Дамир Бейсенбаевтың салаға келгеніне алты жылдай болды. Ол қызметке баулитын иттер есірткі заттарын анықтауға машықтанған. Боран атты мына ит былтыр логистикалық компанияда жасырылған 54 келі есірткіні тапты.
Дамир Бейсенбаев, инспектор-кинолог:
- Боранмен 2019 жылдан бері жұмыс істеймін. Біз есірткіге қатысты көптеген қылмысты аштық. Әрбір жедел-іздестіру шарасында өте батыл әрекет етеді және ештеңеден қорықпайды. Өзіне өте сенімді.
Иісшіл иттердің арқасында былтыр 130 келіден астам есірткі заты табылып, заңсыз айналымнан алынды. Павлодардағы кинология орталығында қазір 28 қызметтік-іздестіруші ит бар.
Нияз Валиев, облыстық ПД кинология орталығының бастығы:
- 2025 жылы кинологиялық орталыққа мыңнан астам хабарлама түсті. Оның ішінде ұрлықтар бар, тонау бар. Оның ішінде 200-ден астам иттің көмегімен қылмыстар ашылды. Есірткі заттарын іздеумен 64 қылмыс ашылды. Ұрлық - 37, 2 кісі өлімі.
Кезекші кинологқа күніне шамамен 10 шақырту түседі. Қызметтік иттер жоғалған адамды іздеуден бастап, қарақшылық, тонау, есірткі және кісі өлімі сияқты ауыр қылмыстарды анықтауға жұмылдырылады. Мамандардың айтуынша, бейнебақылау камералары көбейіп, қауіпсіздік шаралары артқанына қарамастан, иісшіл иттердің қызметіне сұраныс әлі де жоғары.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков