Ертіс өңірінің туристік әлеуеті артты
Биыл бір ғана Павлодар облысына 300 мыңға жуық турист келді.
Қонақтың көбі Баянауылға барады. Мұнда тау да, көл де әсем.
Жаңа туристік нысандар ашылып, ескі кешендер жаңғыртылып жатыр. Туризм әлеуетінің артуы өңір экономикасының дамуына тың серпін берген. Жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар осы саладан нәпақа тауып жүр.
Табиғаты көркем, тарихи орыны мен емдік-сауықтыру кешені көп облыс туристер үшін тартымды мекенге айналған. Әсіресе Баянауыл ұлттық паркінің орыны ерекше. Көл жағасындағы демалыс, таулы аймақтардағы серуен мен табиғат аясындағы тынығу келушілер үшін таптырмас мүмкіндік. Соңғы үш-төрт жылда Баянауыл ауданында туризмді дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылды. Биыл "Сарыарқы сыры" визиттік орталығы ашылды. Сабындыкөл жағасында жағажай ашылды. Бұдан бөлек бірқатар жаңа туристік нысанның құрылысы басталды.
Руслан Нұрбеков, Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы туризм бөлімінің басшысы:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Павлодар облысындағы барлық туристік нысанға мониторинг жүргізілді. Оның нәтижесінде 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, шолу алаңы салынып, Қазақстанда баламасы жоқ деуге болатын визит-орталық ашылды. Сонымен қатар жағажайларды жаңарту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 2025 жылы Сабындыкөл жағажайы, ал 2026 жылы Жасыбай жағажайы қайта жаңғыртылды.
Павлодардың маңында да демалыс орыны көбейіп келеді. Соның бірі қаладан 25 шақырым жерде орналасқан "Черноярская жемчужина" демалыс аймағы. Мұнда тұрғындар алысқа бармай-ақ табиғат аясында тынығып, ем қабылдап, денсаулығын нығайта алады .Өйткені демалыс аймағы медициналық туризм ретінде де танымал.
Айман Мәдиева, емделуші:
- Емге келіп жатырмыз, Мен Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылынан келіп жатырмын, бірінші рет, өте ұнады шипажай. Тамақтары да жақсы екен, дәрігерлері де оңды. Адаммен жақсы қарым-қатынаста. Мұнда көңілді, дертке шипа болсын.
Қазір демалыс орыны жаңартылып жатыр. Жаңа ғимараттар салынуда. Кәсіпкер бұл жұмыстарды өз қаражаты есебінен жүргізіп жатқанын айтады. Жергілікті 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Болат Смағұлов, демалыс аймағының директоры:
- Біз жаңа нысандардың құрылысын бастадық. Басты мақсатымыз – адамдардың мұнда қызығып келіп, жақсы демалуына жағдай жасау. Қазірдің өзінде бізге тұрақты түрде келіп демалатындар бар. Олардың көбі Павлодар облысы мен Ресейдің көршілес өңірлерінен келеді.
Туризмнің дамуы өңірге туристерді тартып қана қоймай, жергілікті кәсіпкерліктің де дамуына ықпал етеді. Жаңа демалыс орындары ашылып, қызмет көрсету сапасы артқан сайын тұрғындардың туған өлкеде демалуына мүмкіндік көбейеді. Павлодар облысының бұл бағыттағы әлеуеті зор. Өткен маусымда өңірге 300 мыңға жуық турист келген.
Авторлары Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев