Газдандыру деңгейі 64%-дан асты
Кейінгі төрт жылда елді газдандыру деңгейі жеті пайызға өсті. Яғни 2021 жылы ел тұрғындарының 57,6 пайызы көгілдір отынға қол жеткізсе, 2025 жылдың қорытындысында көрсеткіш 64,2 пайызды еңсерді. Бұл мақсатта қазынадан 112 млрд теңге бөлініп, жүздеген жоба жүзеге асты.
Қазір ел халқының 64 пайыздан астамы көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Тіпті кейбір өндіріс ошақтары да табиғи газды кәдеге жарата бастады. Теміртаудағы металлургиялық комбинат алғаш рет газға көшті. Ал елді мекендерді газдандыру көрсеткіші кейінгі жылдары еселеп өсті. Бүгінде барлық өңірді газбен қамту мәселесі күн тәртібінде тұр.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- Халықты газбен қамту бойынша Мемлекет басшысы тапсырған әлеуметтік міндеттер жүйелі түрде шешілуде. Табиғи газ шалғай өңірлердің тұрғындары үшін қолжетімді игілікке айналып, елдегі газбен қамту деңгейі 64,2 пайызға жетті. 2025 жылы 95 елді мекенде 350 мың адам газбен қамтамасыз етілді. Бұл мақсаттарға 112 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Түркістан облысында жалпы құны 10 млрд теңгеден асатын бірнеше жоба жүзеге асты. Соның арқасында 100 мың тұрғын газға қол жеткізді. Жетісу облысында ұзындығы 300 шақырым болатын «Талдықорған – Үшарал» газ құбыры қолданысқа берілді. Сондай-ақ Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында құбыр тарту жұмыстары жүріп жатыр. Ал елордада бұл көрсеткіш 97 пайызға жетті.
Абылайхан Оспанов, Астана қаласы Энергетика басқармасы газдандыру бөлімінің басшысы:
- Біз Шұбар, Тельмана және Кирпичный тұрғын алаптарын газдандырамыз. Сонымен қатар Ақмола облысының Астанаға жақын Қосшы, Жібек жолы және Талапкер ауылдар да осы жылы газға қосылды.
Сондай-ақ қазір тұрғындар газ желісіне қосылуға онлайн өтініш бере алады. Яғни кеңсеге барып, кезекке тұрудың қажеті жоқ. Егoв платформаcын қолданса болғаны. Тиісті құжаттар 20 минут ішінде рәсімделеді. Бұл да газдандыру деңгейін жақсартуға әсер етіп отыр.
Авторы: Нұрқанат Қанапия