Петропавлда саңырауқұлақ өндірісі артты

Петропавлда жылына 2,5 мың тонна өнім беретін толық циклді саңырауқұлақ фермасы іске қосылды. Бұл жалпы саңырауқұлақ импортының 1/3 бөлігіне шамалас.

Жаңа өндіріс орны арнайы экономикалық аймақта салынған. Жоба құны 11 млрд теңге. Нысанның жұмысымен өңірге іссапармен барған Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары танысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық тауарөндірушілерге ауыл шаруашылығы саласын әртараптандырып, агроөнім өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу жөнінде тапсырма берген. Жаңа ферма осы бағыттағы өңірлік өндіріс әлеуетін күшейтетін жобалардың қатарына кіріп отыр. Кәсіпорын дайын өніммен жергілікті нарықты қамтамасыз етумен қатар, көршілес Ресейге экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.

Еркебұлан Мәмбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жалғыз астықты сатпай, оны өңдеп, өндірушілерден пайдаланушыларға турасынан апару туралы Президентіміз тапсырма берді. Бұл жоба соған арналған. Неге десеңіз, Ресей, Беларустен әкеледі. Бұл енді таза, сапалы өнім болады.